Орал қаласы автобустарында электронды төлем жүйесі енгізілмек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы автобустарында жыл соңына дейін SMSBUS электронды төлем жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, бұл жолаушыларға жолақыны ұялы телефон арқылы төлеуге мүмкіндік береді. Жолаушылар тасымалдау сапасын арттыру бағытында қабылданған 2018-2023 жылдарға арналған Орал қаласындағы қоғамдық көліктерді жаңғырту тұжырымдамасына сәйкес бес бағытқа басымдық беріліп, қоғамдық көліктер жұмысын қадағалауды автоматтандыру, «Оңай» және СМСBUS электронды төлемдерін енгізу, көлік инфрақұрылымын дамыту, автобус бағыттарын жетілдіру және парктерді жаңарту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Қазіргі кезде барлық қоғамдық көліктердің жұмысы INFOBUSMOBILE қосымшасы арқылы бақылануда.  Күні бүгін жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің 75 пайызына GPS қондырғылар орнатылған. Жыл аяғына дейін барлық автобустар аталмыш жүйеге қосылмақ.

Айта кетейік, «Ақылды қала» («Smart city») жобасына сәйкес балабақша кезегін автоматтандыру, электронды пәтер иелерінің кооперативтерін жасау қолға алынды. Сонымен қатар «Қолжетімді әкімдік» бірегей жобасы жүзеге асырылуда. Жоба арқылы тұрғындарға қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары бөлімі, Орал қаласы әкімдігі кеңсесі 16 мемлекеттік қызмет түрін көрсететін болады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп, «Ғимараттар сайты» атты электронды ПИК енгізілуде. «Ғимараттар сайты» - тұрғындар, ПИК және әкімдіктер арасындағы байланыс үшін тегін онлайн алаң. Әр ғимараттың INDEKSTROENIE.post.kz  мекенжайы бойынша веб-сайты болады. Тұрғындар сайт арқылы әкімдікке және ПИК-ке жаза алады, ПИК өздерінің хабарландыруларын, атқарылған жұмыстар туралы есептерін жариялай алады. Сондай-ақ әрбір үйге полиция қызметкерін, жақын маңдағы мектептер мен балабақшаларды, медициналық мекемелерді, сантехникті, көтергішті, күзетті және басқаларды бекітуге мүмкіндік жасалады.

Тағы бір жаңалық, сыртқы жарықтандырудың автоматтандырылған басқару жүйесі операциялық шығыстарды қысқарту, электр қуатын тұтынуды оңтайландыру, қуат үнемдеу бағдарламаларын іске асыру және олардың тиімділігін бағалауға жол ашады. Қазіргі уақытта осы жобаның аясында 10 мың шамды жарықдиодты шамға ауыстыру жоспарлануда.

Қала бойынша жолдағы қылмысты азайтып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында облыстық ішкі істер департаменті желісі бойынша 361, білім саласында 1522 бейнебақылау камерасы орнатылған. 2017-2018 жылдарға арналған «Сергек» бағдарламасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 200 бейнебақылау камерасын, сондай-ақ «Қауіпсіз аула» жүйесінде (жергілікті бюджет есебінен) 100 бейнебақылау камерасын орнату көзделуде.

Сол секілді «Қазақтелеком» АҚ тұрғын үй ғимараттарының кіреберісінде және сыртында бейнекамераларды орнату жобасын  іске қосты. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Қазіргі таңда бес үйдің кіреберісіне 10 камера орнатылды. Жоспарға сәйкес 2018 жылы қаладағы барлық тұрғын үйлердің кіреберісіне 2542 камера орнатылатын болады.

Жуық арада Орал қаласы әкімдігінің Телеграм-бот қосымшасы іске қосылмақ. Ботта қаладағы балабақша, мемлекеттік қызметтер, спорттық үйірмелер туралы мағлұматтар болады. Осы арқылы кез-келген тұрғын әкімдікке өз сұрағын қоя алады. Кері жауап беру қызметін де іске қосу көзделуде. 

Соңғы жаңалықтар