Орал қаласы аумағынан 200 мыңға жуық текше метр қар шығарылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Орал қаласы аумағынан 200 мыңға жуық текше метр қар шығарылды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһарда су тасқынына байланысты жұмыс барысымен танысқан кезде айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бауыржан Тұхфатовтың мәлім еткеніндей, қазіргі уақытта Зачаган кентіне қарасты «Сарытау» шағынауданындағы қар суы ағатын арна аршылып бола келді. Бұдан аққан су Орал-Саратов жолы бойындағы үлкен арнаға құйылады. Өткен жылы қала аумағынан 500 мыңнан астам текше метр қар шығарылса, бұл жұмыс биыл да жалғасуда.

Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 19 қар тиегіштің көмегімен, 100-ден астам техника, алпысқа жуық «КамАЗ» көліктері екі ауысымда қарды тасымалдауда. «Жайық Таза Қала» ЖШС-ның 300-ден астам, сондай-ақ басқа да мекемелер қызметкерлерін және ерікті түрде келетін 200 студентті қосқанда, қар аршуға мыңға жуық адам жұмылдырылған. Су басу қаупі, әсіресе, қала маңындағы саяжайларға төнетіні белгілі. Сондықтан тұрғындарға нұсқаулық парақтар таратылып, ескертілуде.
null 

Өңір басшысы қала аумағында су тасқыны болуы ықтимал учаскелердің бәрін күні бұрын аршып, қажетті шаралардың барлығын алуды тапсырды.

Зачаган кентінде салынып жатқан жаңа жылыжай құрылысы маңайында ұзындығы 1 шақырымға жақындайтын арық қазылуда. Оған осы нысанды салып жатқан құрылыс компаниясы арнайы техника шығарған. Зачаган кентінің әкімі Әділбек Қадыровтың сөзіне қарағанда, кент аумағында ұзындығы 20 шақырымнан асатын  арық жүйесі тазартылуда. Сонымен қатар кейбір жерлерге су өткізгіш құбырлар орнатылуда.
null 

Осындай жұмыстар облыс аудандарында да жүргізілуде.

Еске сала кетейік,  бұдан бұрын 15 наурыз күні Алтай Көлгінов Тасқала ауданында болып, көктемгі су тасқынына байланысты атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайтқанын жазған болатынбыз.

null 

Соңғы жаңалықтар