Оңтүстіктің келіндері сәлем салып жарысты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақтың келіндері-ай!» атты байқау өтті. Жастар үшін тағылымы мол өнер сайысына ауыл-аймақтан 11 келін қатысып, бағын сынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Созақ аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың талаптары оңай бола қойған жоқ. Қайын сіңлілерімен бірге келген ауылдың келіндері барын салып, өнер көрсетті.   Байқауда талапкерлер  қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағам түрлерін дайындады. Қол өнері мен ісмерлігін көрсетті. Сонымен бірге шығармашылық білімін таныту бойынша сынға түсті. Бәрінен де ата-енесіне сәлем салу, қайын сіңлілеріне ат қою  секілді талаптар қиынға соқты. Халқымыздың  салт-жоралғыларына сай келетін дәстүрді келіндер барынша көрсетуге тырысты.

Сондай-ақ сайыста құрақ көрпе жасау, ұршық иіру сынды ұлттық қолөнеріміз дәріптелді. Өте тартысты өткен сайыста ауыл келіндері қазақ аналарына тән ибалылық пен әдептілікті, ісмерлік пен ептілікті жоғары дәрежеде көрсетіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Іс-шара соңында байқауға қатысқан барлық үміткер алғыс хатпен марапатталды. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдеге Шолаққорған ауылындағы «Айшуақ» балалар бақшасының тәрбиешісі Ақбота  Романқұлова ие болды. 

Соңғы жаңалықтар