Оңтүстіктің келіндері озып тұр - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

Қазанның қасиеті- «Жетісу» газеті

«Жетісу» газетінің өткен аптадағы нөмірінде танымал журналист Арман Сқабылұлының мақаласы жарық көрді. Онда журналист  «қара қазан, сары баланың қамы» деген қазақ сөздің төркінін тергеп, ондағы тұжырымға назар аудартады. «Қазанның қасиетіне» жұртшылықтың көңілін бұрады. Қазанға қатысты данагөйлер пайымын айтып, бабалардан қалған ырымға да орын береді.

«Өз заманында қазақтан шыққан атақты алдүзік ғалым Марғұланның Әлкейі де қазанның қасиеті туралы өз пайымын ортаға салып кеткен. Онда ғалым «Құламерген» жырының желісіне ерекше назар аудара келе, қазанға байланысты арнайы: «Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан - шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды», - деп жазады. Міне, мұнда да қазанның құрсағы құтқа толы анадай елді асыраушы, шын мәніндегі ырыстың ұйыған ошағы екенін аңғарамыз».

nullАл қазан-ошақты төңкеру деген ежелден жаман ырым. «Мәселен, шаңырақта адам қалмай, бәрі о дүниелік болса, үйдің қазаны төңкеріліп қойылған. Бұл салттың әуелгі мәнісі - «шаңырақта енді түтін түтететін адам жоқ» дегенді білдірген». Сондықтан да ел аузында «қазаның төңкерілсін» деген қарғыс та болған екен. Ал журналистің бұл тақырыпты қаузауына не түрткі болды? Осыған келгенде автор алдымен Аралтөбе обасынан табылған көне дәуірдегі сармат абызымен бірге жерленген қазан-ошаққа назар аудартып, мақаланы одан әрі сабақтай түседі. Қаймана қазақ отбасының ошағындағы жай қазанның қасиетін тізіп, Тайқазанның тарихына да тоқталады.

Қазанның қасиетін ақтарған автор мақаланың түйінін «Қазан-ошақ қасындағы «Қажымұқандарға» арнапты. «Бүгінгінің мықтыларын кешегі қазақтың марқасқаларына теңеп қоямыз кейде. Рас, бозкілемде атой салған Қажекемнің ізбасарлары бүгін де аз емес. Кеше ғана зілтемірді ұршықша үйіріп, қазақ атын айдай әлемге паш еткен Жасұлан Қыдырбаевты өз басым бүгінгінің Балуан Шолағына балаймын. Тек, сол «Қажымұқандар» мен «Балуан Шолақтарды» қазан-ошақ басына қиғым келмейді. Өткенде түйе палуан Бейбіт Ыстыбаевтың әлдебір арнада тамақ жасап тұрғанын көріп тіксініп қалып едім, бүгін буы бұрқыраған чемпион Жасұланымыз теледидарда салат жасап жатыр.
Айналайын әріптестер-ау, қазан-ошақтың қасынан шықпайтын әнші еркектер жетіп жатыр ғой сендерге, қазақтың мақтаныштарын қазан-ошақтарыңа жолатпай-ақ қойыңдаршы! Кешегі Әбiлсейіт, Әбдісаландар, тіпті Дәулеттер тамақ жасамай-ақ халқына танымал болды емес пе?»
деп жазады автор. 

«Соттасу синдромы» қайдан келді...- «Сыр бойы» газеті

null

«Сыр бойы» газетіндегі мақала «Ала болса ағайын» деп аталады. Автор бүгінгі жұртшылықтың өзгерген психологиясын сөз етіпті. «Байқаған боларсыз, жығылғанды жасытып, сүрінгенге күліп, айыптаушыны айтақтап, қолтығына су бүркитіндер көбейді. Адамдар титімдей қателік үшін бір-бірін таптап тастауға бар. Жеріне он Франция сыйып кететін кең далада бірде-бір түрмесі болмаған, есігіне қара құлып салмайтын, қол алысып берген уәдені бүгінгі нотариустың мың қағазынан артық қоятын қазаққа қит етсе «соттасу синдромы» қайдан келді? Жуырда мектепке бардым. Мұғалімдердің мұңы - ата-ана. Бірінші сыныптың оқушысы мұғаліміне «соттатам» дейтін көрінеді. Бұл - бар жауапкершілікті ұстазға артып, «айтып тастаймын, далада жатқан бала жоқ, менің балама өйтіп қарамасын, бүйтіп сөйлемесін» деп, мектепке келіп, оқушының көзінше мұғалімнің беделін жер, жігерін құм ететін ұрыс-керістің нәтижесі. «Біреуге күлімдеп қарағанның өзі сауап» дейтін иманды қазаққа не көрінді? Әдетте өзіне, өміріне көңілі толмайтын адам, біреуден де қателік іздеп тұрады. Бізде мейірім неге азайды?» деген сауалды төтеден тастайды журналист.

Мақалада «өнбес дауды қуалайтындар» туралы айтылады. Әлбетте, «соттасу» еуропалықтың сүйікті ісі деп қарайтындар бар. Десе де оның орынсыз тұстарына да көз жібере бермейтіндер жетерлік. Мақалада сондайлардан біршама мысалдар келтіріпті. Мұның бәрі сотта төрелік айтатындарға қосымша жүк, бекерге ауыртпашылық екенні түсінікті. Ал осындай олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? «Сотсыз татуласу орталығы» да соған қызмет істейтін көрінеді. Орталықта  медиатор ғана емес, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдар, қоғамдық бірлестіктердің мықты мамандары жұмыс істейді екен.

 

Оңтүстіктің келіндері озып тұр - «Оңтүстік Қазақстан» газеті


«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, демографиялық саясатта алдыңғы шептен табылатын өңірде алтын құрсақты аналар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бір қызығы бұл көбею бұрынғыдай тек ауыл-аймақта ғана емес, облыс орталығы Шымкент қаласында да бой көрсеткен. «Қаланың келіншегі бала санын көбейтпейді» деген қасаң ұғымды жоққа шығарған шымкенттік 31 929 келін - көпбалалы аналар қатарында. Жалпы, өңірде төрт және одан көп бала туған аналар саны - 167 070. Иә-иә, көз тимесін! Облысымызда «Алтын алқа» тағынған - 16361, «Күміс алқа» тағынған - 42724, І, ІІ дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған 6906 ана бар» деп жазады газет.

Айта кетерлігі, облыста Батыр аналар саны 3998 болса, соның көбі Сайрам ауданында тұрады екен. Ал бала туудан Шымкент қаласынан кейінгі орында Сарыағаш ауданы тұр.

«Қазақтың «бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» дегені де осы болса керек. Әр бала өз несібесімен келеді деп ырымдаған халқымыз бала санын шектемеуді қалайды. Тілеуі «Бала берсең сана бер!» Әр ата-ана баланың тәлім-тәрбиесіне ол дүниеге келісімен жауапты болуды міндет санайды. Ұлттың өзгелерден ерекшелігі де тұнып тұрған даналығында. Олай болса, дана ұлттың ұрпағы көп болсын деп тілейік! Көбей, қазақ!» деп жазады газет.

Абайды сөзбен жеңген Ақбалық кім? - «Сарыарқа самалы» газеті

null

«Сарыарқа самалы» газеті кезінде солақай саясаттың құрбаны болған жандардың бірі, жоғары діни сауатты, мешіт-медреселер ашып, ислам дінін таратқан Ақбалық Хазірет туралы жазған екен. «Ол - Кереку мен Семейге бірдей танымал, тілі мірдің оғындай, қара сөзге дес бермейтін Абайдың өзін сан рет сөзбен жеңген Ақбалық хазірет». Газеттің жазуынша, Ақбалық Хазіреттің азан шақырып қойған есімі - Әбділдә, ел арасында сыйлы-беделді болған соң жұртшылық бірауыздан Ақбалық Хазірет деп атап кеткен екен.

Автор Ақбалық Хазіреттен Салахиддин хазірет, Жүсіпбек Аймауытов, Закария молла, Досымхан моллалар сабақ алғанын айтады.

«Бытының алты баласының ең кенжесі Әбділдә (елге Ақбалық Хазірет есімімен кең танымал) дүниеге шамамен 1833 жылдары келсе керек. Әбділдәнің жасы 20-ға толған кезде елде үлкен жұт болып, ол туған жерімен қоштасып, қоныс аударуға мәжбүр болады. Зеректігімен танылған Әбділдә атамыз Ташкенттің «Көкілташ» медресесінде 3 жыл оқиды. Одан кейін Бұхардың медресесіне түсіп, оқуын жалғастырады. Он екі пәнді түгел тауысқан діни білімнің ғұлама ғалымы болып шығады. 44 жасында Хазірет атанады».

Мақалада Ақбалық Хазіретпен байланысты аңыз-әңгімелер, естеліктерге орын беріледі. Тұлғаның тарихынан сыр шертіледі. «Ақбалық Хазірет және басқа да қазақтың білімді, ықпалды азаматтары қарсылық білдіріп, қазақ жерінде Ислам дінін сақтап қалуға көп еңбек сіңірген. Осман империясы әскер қолбасшыларымен, саясаткер, дін басшыларымен қарым-қатынаста болып, солардың көмегін, қамқорлығын пайдалана отырып, орыс империясының саясатына төтеп бере алған».

Көше атаулары қисынсыз болмауы керек  - «Aq jol»  газеті

Жамбыл облыстық «Aq jol»  газетінің жазуынша, алдағы уақытта Тараз қаласы қисынсыз атаулардан арылатын көрінеді. Облыс әкімінің өзі қатысқан мәслихат депутаттарының отырысында да осы мәселе сөз болса керек. Сонымен қатар, қаладағы атаусыз көше мен шағын аудандарға қатысты ұсыныстар талқыланған.

«Атауларға байланысты басқа азаматтардың да айтары көп екен.
Мәселен, Таразда «Қамаргүл», «Дәстүргүл», «Жасымық», «Шырша», «Дарагүл», «Лалагүл» деген секілді көптеген өсімдіктер көшесінің қаптап кетуі қаншалықты жарасымды болмақ. Сондай-ақ «Дулыға», «Домбыра» атауларын беру де еш қисынға сай келмейді емес пе? Депутат Масат Берік осыны айтып, ұсыныстың бірқатарын сынға алды. Масат Әшімұлының пікірін қуаттағандар көп болды. Нәтижесінде аталмыш мәселе мәслихаттың келесі сессиясының қарауына қалдырылып, оған дейін ұсыныс толықтырулармен нақтылану қажет екені ескертілді»
деп жазады газет.

Бопай ханым - «Ақтөбе» газеті

null

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Ақтөбе» газетінде «Бопай ханым» туралы мақала жарық көрді. Әбілқайыр ханның  бәйбішесі Бопай (Бәтима) ханымның аты тарихта қалуы - оның мемлекетті басқаруға араласуында, өзінің күллі өмірінде әлеуметтік белсенділік танытуында.

«Арғыдан келе жатқан деректер бойынша Бопайға үйленген жылы Әбілқайыр хан болады. Бопайдың тұңғышы, кейін өзі де хан болып, билік құрған Нұралы сол жылы дүниеге келеді. Демек, отыз жыл бойы билік басында болған ханның ақылды жары, сенімді серігі ретінде көзі тірісінде-ақ елге сөзін өткізе алған Бопай ханым, ері Барақ Сұлтанның қолынан қапыда мерт болғаннан кейін шын мәнінде орыс пен қазақтың арасын жалғаған айтулы саясаткерге айналады. Оның ел анасы ретіндегі қайраткерлігін, саясаткер, мәмілегерлігін ел мүддесін көздеп орыс патшайымына жазған хаттарынан, ерінің кегін жоқтап, әр жылдарда жазған күрескерлік жазбаларынан көреміз» деп жазады автор.

Мақаладағы мәлімет бойынша, ханымның сұлулығы мен ақылдылығы таласқан жан болғанын ағылшын суретшісі Джон Кэстль жақсы суреттеген. Ол хан ордасында 1736 жылы болған екен. Қырықтың ортасынан асса да ханым суретшіні сұлулығымен таңдандырады. Оның үстіне бас бәйбішенің төре әулетінде зор беделге ие екенін аңғарады.

Мақалада бұдан бөлек, Бопай ханымды ұрпақ алдында ұлықтауға қатысты атқарылған шараларға да назар аударылады. Мәселен, Бопай ханымның зиратын нақтылауға, басына белгі қоюға байланысты Қазақстанның батыс облыстарында, соның ішінде Ақтөбе өңірінде біраз жұмыстар жүргізілген. Орынбор облысы Елек ауданының Димитров ауылына бірнеше мәрте делегация барған.

«Бұл жердің байырғы қазақтары осы ауылдан 25 шақырым жердегі Бопай ханым қорымын жақсы білетін болып шықты. Арада екі жарым ғасырдай уақыт өтсе де, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге жеткен. Бір кезде хан ордасына қараған қазақтың топырағында жатқанмен, қазір Ресей Федерациясының құзырына қарайтын аймақта, тіпті белгілі рұқсат қағазынсыз жан аяқ басуға болмайтын әскери полигон аумағында қалған исі қазақ үшін аяулы тұлғаның басына барып зиярат етудің өзі қиын шаруа болатын. Алайда біздің ақтөбелік ағайындар бұған місе тұтпай, Бопай зиратын қоршап, тас белгі қоюға ойға кетті. Міне, осы істі алдыңғы жылғы қазан айында ақтөбелік белсенді екі ардагер азамат - Келдібай Еспағамбетов пен Игілік Сағиев жергілікті ауыл тұрғындарының қолдауымен жүзеге асырды» деп жазады газет.  

Ана сүті бой өсірсе, ана тілі ой өсіреді - «Маңғыстау» газеті

«Тілге деген құрмет - елге құрмет. Біздің тіліміз - ананың ақ сүтімен бойға сіңген асыл қазынамыз, сондықтан өз тілімізде сөйлеу басты парызымыз. Тілді өркендету - баршаның ісі» деп жазады «Маңғыстау» газетінде жарияланған мақалада автор. Оның пайымынша, қазіргі қоғамда жастарға баса назар аудару арқылы тіл саясатын жүргізу мол жемісін береді.

«Ана сүті бой өсірсе, ана тілі ой өсіреді. Олай болса, ата өсиетіне құлақ асып, ананың тілі арқылы бабалар аманатына адал болып, елдігіміздің нышаны болған тіліміздің туын жоғары ұстайық» деп жазады автор.

Соңғы жаңалықтар