Оңтүстіктегі «Тамшы әулие» атауы қайдан шыққан

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында туризм саласын дамытуға ерекше мүмкіндік бар. Бұл облыста тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтар мен киелі жерлер көп. Өңірдің әр ауданында аңыз болып тараған әулие-әмбиелер жатқан жерлер мен ескерткіш, кесенелердің әрқайсысы тұнып тұрған тарих. Қала берді талай тарихи оқиғалар мен аңыздарға арқау болған мекендер баршылық. Солардың бірі - «Тамшы әулие» орны. Таулы ауданда орналасқан қасиетті жерге келіп тамашалаушылар легі күн санап артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

 «Тамшы әулие» Түлкібас ауданына қарасты Кершетас ауылынан 12 шақырым жерде, Лагерь шатқалында орналасқан. Шатқал аңғарындағы  Машат өзенінің сол беткейінде Шошқабұлақ тауларының сілемдері бар. Өзеннің екі аңғары биік қатпар тасты жота, өзен бойында демалыс саябақтары орын тепкен. Өзеннің оң қапталында тау аңғарына сұғына кіріп, биіктігі 80-85 метрдей қатпарланған тас қабатты кездестіруге болады. Қож-қож жартастар, сан алуан желектер көмкерген, көргенде көз сүрінетін, әсері керемет көріністі қуыс қойнауында тастан тамшы тамып тұрады. Тас қабатының үстіңгі жағы 30-35 метрдей қара, орта тұсы 20-25 метрдей ақ-сұр, ал астыңғы қабаты ылғалданған. Судан көгеріп мүк басқан, оның қалыңдығы 20-25 метрдей келеді. Осы араны жергілікті халық «Тамшы әулие» деп атайды.

«Тамшы әулиенің» басында тастар өзге тастарға ұқсамайды. Мәңгілік толастамаған су астындағы тастар дымқыл, беттерін мүк басқан. Жартас арасынан үздіксіз аққан су тамшыларының өзі шипалы саналады. Аққан тамшылардың сипаты да әртүрлі: бірі сорғалай ақса, екіншісі сызылып ағады, келесісі тамшылап, үзіліп тұрады. Бірі сарқырап, тіпті көзге көрінбей намданып ағатын да түрлері бар. Тау суының дауысының өзі құлаққа жағымды, бір сәт жүйкені тыныштандырады. Келушілер осы суға қарап «тас жылап жатыр» деп айтады. Сондықтан «Тамшы әулие» аталып кеткен. Ол жайлы аңыздар да, әпсана да, тіпті ертегіге айналған әңгімелер де көп. Осы орынды алыстан қараса, тамшы ағып жатқан аралықтан 7-8 метр биікте арақашықтығы 8 метр шамасындағы екі үңгір бар. Ол осы тастың екі көзі іспетті, сондықтан оны жергілікті халық «Тамшы әулиенің екі көзі» деп атайды. Сырт көзге алыстан қарағанда, шындығында да, осы арадағы құбылыс жылап жатқан адамның бет бейнесін көз алдыңызға елестетеді. Тамшы ағып жатқан аралықтың асты ішке кіріңкі, қуыстау келеді. Осы қуыста биіктігі 170-180 см, ені 120-130 см  болатын тас бар. Тастың төбесі тегістеу, онда диаметрі 35-40 см келетін ойманы көруге болады. Оны ауыл тұрғындары «Тамшы әулиенің қазандығы» дейді. Осы жерге келгендер сол аралықтан су ішуге амалдайды. Ол аралыққа екінің бірі шыға бермейді. Өйткені онда шығатын тас беттері жылтырап, аяқ бастырмастай тайғақтанып тұрады. Сондықтан шығуға әрекет еткендер жарты жолда аяқтары тайып, еңіске құлап жатады.

Қазір әулие басын іздеп келушілер көбейген. Келгендер тек әулие басына барып қана қоймай, таудың әсем табиғатын да тамашалап кетеді.

2 3 4 5 6 7 

Соңғы жаңалықтар