Оңтүстіктегі археологиялық мұралар фотоальбомы 3 тілде шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Ұлт тарихындағы ұлы белес» атты республикалық жиын болып өтті. Шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынға қатысушылар ең алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құнды жәдігерлерден жасақталған кешенді көрме мен облыста атқарылған жұмыстар туралы фильмнің көрсетілімін тамашалады.

Ұлттың ұйытқысы Оңтүстік Қазақстанда болған басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өңірде атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы міндеттер мен жоспарлар талқыланды. Рухани құндылықтың жандануына бағытталған отырыста жазушы, драматург Мархабат Байғұт, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы мен мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сынды еліміздің бірқатар азаматтары сөз алып, өз ойларымен бөлісті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының Оңтүстік Қазақстан облысында орындалу барысы мен алда тұрған міндеттер жайын баяндаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әлемдегі әрбір ұлттың әлеуеті тарихтың сабақтарынан үлгі алуы мен тәжірибе жинақтаудағы қабілетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Елбасы ұсынып отырған рухани жаңғырудың негізгі сипаты өткен мен болашақты үйлестіре жүзеге асыру болғандықтан, біз мұны екі арнада іске асыруымыз қажет. Оның бірі - ғаламдық жетістіктерді өзімізге әкелу арқылы жаһандық дамуда өз үлесімізді алу. Екіншісі - өткен тарихымыз бен дәстүріміздегі асыл құндылықтарымызды қайта жаңғыртып, ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалу. Осы орайда, Елбасы ауқымы кеңейіп, «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып, оны жүзеге асырудың нақтылы жолдарына дейін көрсетіп берді. Осы мақсатта өңірімізде «Туған жер» арнайы жобасы бойынша бүгінгі күнге кәсіпкерлер, демеушілер тарапынан өңірлік жобалар жүзеге асырылуда»,- деді облыс әкімі.

Жалпы алғанда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында құрылған өңірлік Жобалық кеңсе тарапынан 46 жоба, 168 іс-шара әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Бұдан бөлек, облыстағы айрықша маңызы бар тарихи-мәдени сәулеттік және археологиялық ескерткіштерінің фотоальбомы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жасалынып, таратылды.

Тарихи-мәдени мұраларды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт»,  «Отырарды қорғау», «Күш атасы - Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» деректі фильмдері  түсіріліп, қоғам назарына ұсынылды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы  «Рухани жаңғыру» - тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін бас айтты.

Соңғы жаңалықтар