Оңтүстікте өткен Наурыз мерекесінде Астананың 20 жылдығына тарту жасалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікте өткен Наурыз мерекесінде Астананың 20 жылдығына тарту жасалды. Қасиетті Қазығұрт тауының баурайында ұйымдастырылған шарада өңірдің өнерпаздары «Тәуелсіздік түндігі - Астана» атты сазды-хореографиялық композициясын орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Туындыда «Астана» әнін 20 әнші орындап, бірнеше би ұжымдары өнер көрсетті. Тарту ретінде сахналанған композицияға бас-аяғы 100-ге жуық адам қатысты. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев өңір тұрғындары мен қонақтарына Наурыз мерекесіне орай тілек айтып, еліміздің бас қаласы Астананың да мерейтойымен құттықтады.

«Биыл 20 жылдығы тойланғалы отырған иісі қазақ жұртының мақтанышына айналған Арқа төсіндегі арайлы да ару қала Астананы салуымыз - еліміздің жасампаздығының айғағы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен алдымызға асқақ мақсаттар қойып отырмыз. Әлемдегі барынша дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, Мәңгілік елге айналу жолында сенімді қадамдар жасаудамыз. Ұлыстың ұлы күнінде киелі Қазығұрт тауының басында өтіп жатқан осынау дүбірлі той ынтымағымызды нығайтып, бірлігімізді бекемдей түссін», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Шара барысында жұрт сондай-ақ символикалық кеме тектес сахнадан көне тарих пен дәстүрден сыр шертетін театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Айтулы мейрамда көрісу, амандасу сынды жоралғылар жасалып, ұлттық ойын мен салт салтанат құрды.

Соңғы жаңалықтар