Оңтүстікте мұғалімдер үшін типті үлгідегі баспаналар салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде облыста энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру жұмыстарының барысы мен өңір аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары туралы екі мәселе қаралды.

Алдымен өңір басшысы барша аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына бүгінгі алтыншы шақырылған Парламенттің үшінші сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жасаған баяндамасымен танысып, қойылған міндеттер бойынша нақты жоспарлар жасауды тапсырды.

Жаңа оқу жылының басталғанын айтқан аймақ басшысы білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, облыстағы мұғалімдерді қызметтік пәтермен қамту үшін барлық аудан,қалалардан типтік үлгідегі тұрғын үйлер салуды қолға алу керектігін айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіруді құрылыс басқармасына жүктеді.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Марғұлан Марайым өңірде энергоаудит жүргізу ісі кешеуілдеп отырғандығын айтты. Оның айтуынша, облыста 103 нысанның  тек 48-не  ғана энергоаудит жүргізілген. Яғни, 55 мекемеде бүгінгі күнге дейін энерго аудит жүргізілмей, «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң талаптары өз деңгейінде орындалмай отыр.

Осы мәселеге мән берген облыс әкімі аудит жүргізу жөніндегі тиісті жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін атқаруды тапсырды.

«Шымкент қаласында баламалы көздерді (күн сәулесінен) пайдалана отырып, электр қуаты мен табиғи газды үнемдеу үшін көпқабатты тұрғын үйлерге су жылыту құрылғыларының орнатылуын тапсырамын. Тапсырманы қатаң бақылауда ұстау қажет», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
null

Мәжілісте сондай-ақ облыс аумағындағы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық шаралары талқыланды.  Бұл ретте облыс әкімінің көршілес облыстар мен шетелдің оң тәжірибесін қолданысқа енгізу жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы сөз болды. Десек те, көшені тазалау, бей берекет күл-қоқыстарды жою және үй қасбеттерін әктеу, сырлау бойынша тапсырмалардың орындалуы баяу. Атап айтқанда, көше бойларын тазалау бойынша жоспар Шымкент қаласында - 30 пайызға,  Отырарда - 31,  Ордабасыда - 38, Мақтааралда- 40, Арыста - 42, Шардара ауданында 49 пайызға ғана орындалған.

Тазалықты қамтамасыз ету жөнінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосыновқа сын ескертпелер айтылып, бірқатар тапсырмалар жүктелді.

«Бүгінде Шымкент қаласында тазалықты қамтамасыз ететін   3 мекеме бар, онда бір мың адам жұмыс істейді және 203 техника бар.  Алайда осыған қарамастан тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары көңіл көншітпейді.  Бұл жағдай облыс орталығы үшін өте ұят. Тиісті қорытынды шығарыңыздар»,-деді әкім.

Мәжілісті қорытындылаған өңір басшысы облыс бойынша кондоминиум мен  пәтер иелерінің кооперативтерін  құру жұмыстарын жеделдетіп,  отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау мәселелеріне аса мән беруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар