Оңтүстікқазақстандықтар Елбасының латын әліпбиіне көшу туралы шешіміне қолдау білдірді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда қызу талқыға түскен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең кезеңімен және жүйелі түрде көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Елбасының бұл тарихи әрі саяси шешімі оңтүстікқазақстандықтардың да ерекше қолдауына ие болып отыр. Осынау тағлымды шешімді қолдау мақсатында бір топ оңтүстікқазақстандық зиялылар Елбасының атына арнайы хаттар жолдауда. Солардың бірі - Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамбелеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиевке тиесілі.

«Құрметті аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіз өткен аптада қазақ мәдениеті мен руханияты үшін талай уақыттан бері қоғам талқысында жүрген қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы тағылымды шешім қабылдадыңыз. Күн тәртібіндегі мәселені ғалымдармен, сала мамандарымен ақылдасып, көпшілік мақұлдаған жаңа әліпбиді бекітіп бердіңіз», - дейді өз хатында Орынбай Рахманбердиев.

Дәл осындай қолдау хатын ІV, V шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов та жолдапты. Онда: «Ғаламдық бәсеке-жарыстың тәуекелділігін дұрыс пайымдап, қазақ тілін латын графикасына өткізу жөнінде тарихи шешім қабылдадыңыз. Бұл байтақ Қазақстан үшін тағдыршешті қадам болды. Біз әліпбиді ғана емес, қоғамдық сананы, жалпыға ортақ ойлау жүйесін трансформациялау бойынша шешім қабылдадық»,- делінген.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына облысымыздағы бірқатар этномәдени бірлестіктердің де басшылары қолдау хатын жолдады. Аталған хатта облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З. Бочоришвили, корей этномәдени орталығының төрайымы Р. Пак, татар-башқұрт бірлестігінің басшысы А. Мухамедова, грек этномәдени бірлестігінің жетекшісі Д. Сидиропуло, иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Н. Капар-Пур, күрд этномәдени бірлестігінің басшысы А. Надиров, ұйғыр этнобірлестігінің жетекшісі Г. Темирова, тәжік этномәдени орталығының басшысы Ю.Султанов, неміс этнобірлестігінің жетекшісі И. Бахман, түрік этномәдени орталығының басшысы Л. Асановтардың қолы қойылған.

Елбасы Жарлығына орай бүгін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студент жастары «Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады» деген арнайы үндеу жариялады. Онда: «Қазіргідей қуатты мемлекетте өмір сүріп жатқан кезеңде біз халық болып бұл жазуды қолдап алып кетпесек, өркениетті елдердің қатарына ілесе алмаймыз»,-делінген.

Бүгінде əлемнің 70 пайызға жуық елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми-зерттеулермен айналысады. Яғни, білім, ғылым, саясат пен техника, мəдениет пен өнер, т.б. салаларға қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғам өміріндегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде жұртшылыққа таралады.

Соңғы жаңалықтар