Оңтүстікқазақстандық бала оқиғасы: Зағипа Бәлиева өз пікірін білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Бәлиева 7 жастағы оңтүстікқазақстандық балаға қатысты оқиға жөнінде өз пікірін білдірді. Баланы кешқұрым анасы Астанадағы «Асыл бала» республикалық қауымдастығы орталығынан алып кеткен болатын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. 

«Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде бала анасымен қауышқанына қуаныштымын. Мен өз тарапымнан бүлдіршін мемлекет қорғауында болуы үшін бар күшімді салдым», - деді Зағипа Бәлиева агенттік тілшісіне білдірген пікірінде.

«Мен жұрттың бәрін сабырлы болуға шақырдым. Бұл прокуратура және меморган өкілдері келген соң ғана шешім қабылдау үшін қажет болды. Мен анасына баланың тыныштығы үшін кіргізе алмайтынымды, бәріне сабырға келу керек екенін айттым», - дейді ол.

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, бала екінші рет тексеруден өтуге дайындалып жатқан. Бұл оңай шаруа емес, сол үшін онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

«Прокуратура өкілі де таңға дейін орталықта қалу жөнінде өтініш білдірген, алайда анасы мен баланың заңды қорғаушысы оны алып кетті», - деді Зағипа Бәлиева.

Ол осы кезде бала екінші қабатта болғанын, сол себепті әңгімелерді естімегенін және оның құқықтары тапталмағанын айта кетті. Осы орайда  омбудсмен баланың анасына теріс ақпарат берілген деп санайтынын атап өтті.

«Енді анасы толықтай балаға жауапты. Мен бүлдіршінге амандық және жанұясының қайта қауышқанын тілеймін», - деді ол.

«Екінші жағынан, айыпталып отырған балалардың да қорғауда болу құқығы бар. Екінші тарап та бәрі заңды түрде жасалып жатқанына сенімді болу үшін қос тараптың да өкілдері, қорғаушылары керек бұл жерде», - деді Зағипа Бәлиева балаға Алматыда медициналық тексеру жасау жөнінде пікір білдіре отырып.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметі бойынша, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы орталығынан баланы анасы алып кеткен, онда қазір бүлдіршіннің әжесі мен тәтесі ғана қалған. 

Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі баланың анасымен кездескенін растады. Бала адвокаттың қатысуымен анасына берілді.

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған. Қылмыстық іс қозғалды.

Айта кету керек, даулы жағдайдан соң ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, жұмыстарынан шеттетті. Абай мен Сарыағаш елді мекендерінде полиция қызметкерлері қызметінен босатылды. Сондай-ақ, бұл істі арнайы прокурор өндіріске алды.

Соңғы жаңалықтар