Оңтүстік Кореяға кейбір қазақстандықтарды кіргізбеудің себебі неде

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы бірнеше күннің ішінде Инчхон әуежайының иммиграциялық қызметі Қазақстанның 15 азаматын кері қайтарды. ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов осы мәселеге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Иә, Алматы мен Ташкенттен барған ондаған Қазақстан азаматын Оңтүстік Кореяға кіргізбей қойды. Бір қызығы, олардың үшеуі ғана Сеул қаласындағы елшіліктің көмегіне жүгінді. Қалған азаматтар өздерін не үшін кіргізбегенін білген болуы керек», - дейді Жайнақов.

Оның айтуынша, қазақстандық дипломаттар шұғыл түрде Инчхон әуежайының иммиграциялық қызметіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білген еді. Сол кезде елшіліктің көмегіне жүгінген үш адамның екеуі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген болып шықты. Үшінші азамат туристік мақсатын дұрыс көрсетпеген. Сол ұшақпен келген Қазақстанның басқа азаматтары еш кедергісіз тексеруден өтті.

«Қазақстанның сыртқы істер ведомствосы осы мәселе бойынша үнемі консультациялар өткізіп тұрады. Оңтүстік Кореяның дипломаттары да тиісті шараларды қолға аламыз деп отыр. Дегенмен, қазіргі кезде қазақстандықтарды кері қайтарудың бір себебі анық, визасыз режім бойынша келетін кейбір адамдар заңсыз жұмыс істеуді көздейді. Өкінішке қарай, ондайлардың кесірінен басқа азаматтар қолайсыздықтарға тап болып жатады», - деп атап көрсетті Жайнақов.   

 

Соңғы жаңалықтар