Оңтүстік Қазақстанға биыл 128 мың турист келген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері 128 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 55 пайызға көп.

Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт мәлім етті, деп хабарлайды  ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

  Оның айтуынша, облыста биыл туризм саласының қарқынды дамуы байқалады. Өткен жылмен салыстырғанда туристік нысандар саны 31 пайызға өсіп, 195-ті құраған. Ал оларда 1,7 млрд теңге мөлшерінде қызметтер көрсетілген.

   «Енді ішкі туризмді дамытуға барынша көңіл аударып жатырмыз. Оңтүстікке келуші туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста 1, 2 және 3 күндік туристік маршруттар әзірленген. Аталған маршрутқа 84 тарихи-мәдени объектілер мен табиғи орындар енгізілді. Жалпы өңірімізде 800-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан. Осы ретте, облыс туризмін дамыту мақсатында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда»,- деді Б.Құрмансейіт.

     Басқарма басшысының мәлімдеуінше,  Шымкенттің ескі қалашығы аумағында ашық аспан астындағы мұражай ашу, Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген Оқсыз қонысын және Абылай ханның Ордасы орналасқан Ханқорғанды қалпына келтіру, Қазығұрт және Ордабасы аудандарында әлемдік стандартқа сәйкес сервисі мен туристік инфрақұрылымы бар брендке айналдыру, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келетін отандық және шетелдік туристердің ағымын ескере отырып, оның тарихын және аймағын әлемдік мұражайлар үлгісінде аудио-видео визуализациялау, орта ғасырда Отырар көне қалашығы мен  Арыстанбап кесенесін байланыстырған жолды қалпына келтіре отырып, сол жол бойында ұлттық қолөнер шеберханаларын орналастыру жоспарлануда.
null

Соңғы жаңалықтар