Оңтүстік Қазақстанда «Шымкент арена» спорт кешені салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Шымкент арена» спорт кешені бой көтереді. Бұл туралы өңір әкімі Жансейіт Түймебаев 2017 жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндаған есепті кездесуде мәлім етті.

Оның айтуынша, Шымкент қаласындағы аумағы 427 гектарды құрайтын «Shymkent city» шағын ауданында «Шымкент арена» спорт кешені салынады. Осы жылы құрылысы басталатын бұл спорттық нысанда күрес пен атлеттер залы, сауда, тамақтану және әкімшілік блогтары, қонақ үй, бассейн қарастырылған. Жобалық құны 17,2 млрд теңге болатын кешен заманауи құрылғылармен жабдықталмақ.



Сонымен қатар әкім аталған шағын ауданда жалпы алаңы 18 450 шаршы метр болатын «Конгресс Холл» жобасы бой түзейтінін де айтып өтті. Құны 20,5 млрд теңге болатын нысан құрылысы 2018-2021 жылдар аралығында жүргізілмек.

Шымкент қаласын жан-жақты дамыту жайы Елбасының тікелей бақылауында екенін айтқан облыс әкімі  негізгі жұмыстар қаланың архитектуралық келбетін жақсарту, инфрақұрылымын дамыту мен абаттандыру, көгалдандыруға бағытталатынын жеткізді.



 «Қаланың бірнеше көшелерінен ашылатын Арбат - шахардың ең көрікті мекеніне айналады. Бұдан бөлек, Қошқар ата өзені жағалауы жобасын жүзеге асырсақ, Шымкент тарихи қалашығын жаңғырту жобасын да қолға алдық. Сонымен қатар,  Шымкент әуежайына жылдық жолаушы ағымы 2 миллионды құрайтын жаңа заманауи терминал салу жоспарымызда бар»,-деді Ж.Түймебаев.




Есепті кездесу барысында әкім өткен аптада Үкімет тарапынан Шымкент қаласымен қоса Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының стратегиялық қажеттіліктерін қамтитын «Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы» бекітілгенін айтты. Бұл облыс орталығы мен оның айналасында орналасқан аудан, қала аумақтарының қарқынды дамуына серпін беретіні анық.


Соңғы жаңалықтар