Оңтүстік Қазақстанда инспектор балықшыларға оқ атып, ізін суытқан

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында балық инспекторы Сырдария өзенінде балық аулап жүрген ағайындыларға оқ атып, оқиға орнынан ізін суытқан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың айтуынша, оқиға Арыс ауданына қарасты Қожатоғай елді мекенінің маңында болған. Балық аулап жүрген 19 және 20 жастағы ағайындыларға қайықпен белгісіз ер адамдар таянған. Өздерін инспекция қызметкерлері ретінде таныстырғандар алдымен қайыққа, кейіннен балықшыларға қарай оқ атқан. Кейін оқиға орнынан іздерін суытқан. Ал оқ тиіп жараланған бауырлар тоғайға жасырынған. Сол жерден әкелеріне  хабарласып, көмек сұраған. Оқиға орнына шұғыл жеткен ағайындылардың туыстары, оларды Арыс аудандық ауруханасына жеткізді. Қос жігітке дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, қазір өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Ал ағайындыларға оқ жаудырып, оқиға орнынан қашқандардың бірі Оңтүстік өңірлік мемлекеттік инспекциясының 30 жастағы қызметкері екені анықталды.

«Ол қашып кеткенімен, екі тәуліктен кейін полиция бөліміне өзі келді. Қазір оның үстінен Қылмыстық кодекстің  293-бабы 3-бөлігі бойынша («Бұзақылық») іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасын қолдану арқылы қамауға алу мәселесі қаралатын болады. Ал оқиға болған жерде балық аулауға рұқсат болған ба, жоқ па, ол жағы тергеу барысында анықталады», - деді Салтанат Қаракөзова.

Соңғы жаңалықтар