Оңтүстік Қазақстанда асфальт-бетон өндіру зауыты салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында грекиялық инвестор сағатына 200 тонна асфальт-бетон өндіретін зауыт салмақ. Аудандағы индустриалдық аймақта салынатын зауыттың жобалық құны 1 млн. АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі.

Құрылысы келер жылы басталатын асфальт-бетон өндіру жобасының инвесторы грекиялық NIOVI S.A компаниясы құрылтайшысы болып келетін «Soldatos» ЖШС-нің бас директоры А.Шынтаевты облыс әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қабылдап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Бүгінде мемлекет тарапынан инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын айтқан әкім Оңтүстік - экономикалық әлеуеті зор, тұрақты дамып келе жатқан өңір екенін атап өтті.

«Аймақ - Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерін байланыстыратын жолдардың қиылысында орналасқандықтан, бізде шекаралық сауда-саттық пен экспорттық өндіріс дамып келеді. Сондай-ақ, облыста 11 индустриялды аймақ пен жеңіл өнеркәсіп бағытындағы бір арнайы экономикалық аймақ бар. Облыста инвестиция тарту және инвесторларға бір терезе қағидасы бойынша қызмет көрсететін аймақтық даму институттары жұмыс жасайды. Институттар кәсіпкерлерге кеңес береді және қаржылық, инфрақұрылымдық көмек көрсетеді», - деді өңір басшысы.

Өз кезегінде сөз алған компания басшысы бұған дейін ауданда мобильді асфальт зауытын іске қосып, Қызылқұм ауылдық округінде орналасқан инспекторлық жолдарға асфальт беріп келгенін жеткізді. Сонымен бірге ол екінші желісін келер жылдың жаз айында аяқтауды жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Soldatos» ЖШС-нің инвесторлары Мақтаарал ауданындағы жобадан бөлек, Сарыағашта сағатына 150 тонна, ал Түркістан қаласында сағатына 200 тонна асфальт-бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ауданда сыртқы инвестициядан бөлек, ішкі инвестицияның есебінен өңдеу зауыты, гигиеналық заттар мен полиэтилен шығаратын өндіріс зауыттарының жобалары да жүзеге аспақ. 38 гектар жерді алып жатқан ауданның индустриялды аймағында жұмыс істеп тұрған «Береке» мақта зауытынан басқа, мұнда келер жылы 4 жоба іске асырылады деп жоспарлануда. 

Соңғы жаңалықтар