«Оңтүстік» индустриялық аймағы өңірдің дамуын жеделдетеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Оңтүстік» индустриялық аймақта болып, ондағы бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. 

Ондағы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды атап өтіп,  өңірдің экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қосып отырған іскер азаматтармен пікір алмасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыс әкімі бірінші болып индустриялық аймақтағы шыны ыдыстар шығару ісімен танымал «Еврокристалл» зауытының өнімімен танысты. Ондағы өндірілетін өнімдерді газдалған сусындар мен шырындар, алкогольдік және сүт пен дәрі-дәрмектер шығаратын зауыттар қолданады. Мұнда түрлі қалыпта - 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Жылына 60 млн дана шыны шығаруға қауқарлы өндіріс орнында 150 адам еңбекпен қамтылған.
null

Зауыт жұмысымен таныстырған  кәсіпорын иесі аймақ басшысына жұмыс істеу аясын кеңейтіп, көмірқышқыл газын өндіруді қолға алып жатқанын жеткізді.  Ол үшін кәсіпкер арнайы италиялық құрылғыларды да сатып алуды жоспарлап қойыпты.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы  шифер шығаратын кәсіпорын «Tectum Enjineering» ЖШС-гін аралап көрді.

Шифер өндіретін алғашқы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Жоба құны 1,9 млрд теңгені құрайды. Зауыт «Хатчек» әдісімен өнім шығарады. Мұнда 200 адам жұмыспен қамтылып, шығарылған өнімнің 60 пайызы ішкі нарыққа, ал қалған 40 пайызы Тәжікстан, Ауғанстан мен Өзбекстан  елдеріне жөнелтілуде. Зауыт жылына 2,3 млн дана шифер өндіру мүмкіндігіне ие.

Индустриялық аймаққа жасаған сапары барысында облыс әкімі «Шымкент Темір» ЖШС-нің болат құю зауытының құрылысымен танысты. 2018 жылы іске қосылатын өндірістің жалпы құны 4,2 млрд теңге болып отыр. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын іске қосылғанда 150 азамат жұмыспен қамтылмақ.
null

Сондай-ақ, әкім заманауи шыны шығаруда шетелден кем түспейтін әрі сәулет құрылысында қолдануға ыңғайлы әйнек шығаратын  «Фирма Дана» зауытының өнімімен танысты. Шыңдалған шыны өндіретін зауыт тәулігіне 1700 шаршы метр әйнек шығарады. Жаңа технологияға негізделген шыны қыста үйдегі жылуды сақтаса, жазда бөлмедегі температураны бірқалыпты күйде ұстайды. Бұл шынылардың тиімділігі жылу өткізгіштігінде.

Сапар соңында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Оңтүстік» индустриялық аймағы өңірдегі аудан, қалаға үлгі болуы керектігін айтып, онда орналасқан кәсіпорындардың жұмысын оң бағалады.

Айта кетейік, мұнда жалпы сомасы 55,8 млрд  теңге болатын бес мың жұмыс орнымен 85 жоба жүзеге асырылуда.  Бүгінгі таңда  құны 21,4 млрд теңгені құрайтын 46 жоба іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

null

Соңғы жаңалықтар