Өңірлік БАҚ форумы: Қазақ тілді аудиторияның сұранысы артып келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Astana Media Week» апталығы аяқталды. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, апталықтың соңғы шарасы - Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының форумы арқалаған мәселелер де ауыр әрі өзекті болды. Аймақтық теледидар мен баспасөздің беделін қалай арттырамыз? Жаңа өнімдерді шығару үшін жарнаманы көптеп тартудың жолдары қандай? Интернет пен әлеуметтік желілерді компания мүддесі үшін қалай пайдалануға болады? Ғаламторда отырған жастарды қалайша теледидардың алдына отырғызамыз? Журналистер, продюсерлер мен сарапшылар осы мәселелерді кеңінен талқыға салды. Тіпті, қазақ сайттарындағы трайбализм мәселесі де көтерілді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарына ортақ проблема ол - әлеуметтік желілердің күшеюі. Аталған ғаламдық үдерісті тоқтату мүмкін емес. Интернет сайттар да бұл трендке төтеп бере алмай, оқырмандарды әлеуметтік желілерден іздеуге мәжбүр. Дегенмен, әлеуметтік желілерді өзекті тақырыптардың барометрі ретінде пайдалануға әбден болады. Оны «Қазақстан» ТРК басшысы Ерлан Қарин де әбден біліп алды . Оның айтуынша, бүгінде телеарна басшыларының бәрі көрерменнің санын көбейтуді көздейді. Алайда үлкен бір проблема бар. Ол - жастардың интернетте жиі отыратыны. Соның салдарынан теледидардың аудиториясы да азайып отыр. «Жастар қазіргі бағдарламаларды көрмесе, біз соның бәрін кім үшін шығарып жатырмыз? Не үшін шығарып жатырмыз? Олар барлық ақпаратты тек интернеттен іздей бастады. Енді, оларды теледидардың алдына қалай тартамыз? Меніңше, бізге интернет пен теледидардың ортақ тақырыптарын шығару қажет. Интерактивті, кері байланыс болуы керек. Мысалы, біз ұлттық арнадан жаңа бағдарламаны ашуды шештік. Аудиторияға мынандай ұсыныспен шықтық, кез келген адам ұлттық арнаның тілшісі бола алады. Ол үшін ауылда болсын, қалада болсын жаңалықты ұялы телефонға түсіріп, бізге жіберу мүмкіндігін аштық. Артынан бұның бәрі бағдараламада көрсетіледі», - дейді Қарин. Корпорация басшысының айтуынша, бүгінде теледидар мен интернеттің күн тәртібі көп жағдайда сәйкес келе бермейді. Теледидарда бір мәселе көтерілсе, интернетте мүлдем басқа мәселелер талқыланып жатады.
null 

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдраxманов қазақ тіліндегі сайттарда рулық алауыздықты туғызатын мәселелерге қатты алаңдап жүр. «Өкінішке қарай, қазіргі кезде саяси экстремизм, ұлттық пен рулық алауыздықты туғызатын жағдайлар аз емес. Мәселен, қазақ тіліндегі сайттардың бірқатарында ұлттың бірлігіне қауіп төндіретін, жекелеген өңірлерге, жекелеген тайпаларға, жекелеген руларға тіл тигізетін, күлкіге айналдыратын мәселелер дендеп бара жатыр. Осы мәселеге баса назар аударғым келеді. Бұл жақсылықтың басы емес», - деп атап көрсетті танымал журналист Абдраxманов.

«Azhar» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Бабамұратов аталған мәселенің себебін дөп басқан тәрізді. Оның айтуынша, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы рейтингке, оқырмандардың санына көп көңіл бөледі . Сол себепті материалдардың сапасы да төмен. Ал журналистер xалықты «таңғалдыратын» жаңалықтарды теріп кетті. «Бүгінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі мақсаты өзгеріп кеткен тәрізді. Бұған дейін бәрі ақпарат таратуды көздесе, қазір елді таңқалдыруға тырысады. Осы жолда кез келген нәрсеге барады, адамның жеке өміріне араласады, атақ-абыройына нұқсан келтіреді. Ал оның арғы жағында ұлттың тұтастығы, рулық алауыздық және тағы мәселелер жатыр. Әсіресе, сайттар елді «таңғалдыру» үшін барын салып жатады. Себебі талап сондай. Министрлік әрбір сайттың таралымына, оқырманның санына назар аударады. Ал ол таралым қалай келді? Азаннан кешке дейін елді бір-біріне айдап салу, рушылдықты қоздыру, моральдық құндылықтарды таптау арқылы жиналған рейтинг болса да, оған ешкім назар аударып жатқан жоқ», - деді Бабамұратов.

Редактордың ойынша, қазіргі жүйе қала берсе, электронды бұқаралық ақпарат құралдары осы бағытта дами береді. Барлығы бірдей сараптаманы ысырып қойып, елді «таңғалдырумен» айналыса береді, рейтинг үшін жұмыс істейді. «Шартты түрде Қызылордада, Жезқазғанда, Шымкентте біреудің қолы қызға тиіп кетсе, ол ақпарат 10 бұқаралық ақпарат құралына ауысқанда қыз зорланды болып шығады. 20-сына ауысқанда «зорланып өлді» болады. Бірақ ол ақпарат шынайы ма? Өкінішке қарай, осы мәселеге көп мән бермейтін болдық», - деп атап көрсетті газет басшысы.

Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жасалған тағы бір ұсынысты айта кеткен жөн. «Қазақстан»  РТРК Атырау филиалының директоры Жанаxмет Ағыбаевтың айтуынша, бүгінде аймақтағы көрермендер алдымен өз жаңалықтарын көргісі келеді.  Ал мемлекеттік тапсырыс аясында бірінші кезекте республикалық жаңалықтарды беру міндеті бар. «Бізге Парламентті бер дейді, Президентті бер дейді. Ал көрермендер соның бәрін «Хабар» мен «Қазақстаннан» көріп алдық деп айтады. Содан олар алғашқы 10-15 минутты көрмейді де, жергілікті жаңалықтар басталғанда ғана қосылады. Әрине, мемлекеттік тапсырыс қажет. Өйткені оның аясында ақша бөлінеді. Бірақ осы мәселені көрерменнің ыңғайына шешуді ұсынып отырмыз. Біз аймақтың жаңалығын көрсетейік, ал республикалық жаңалықтарды республикалық арналардан да көріп алуға болады», - дейді Ағыбаев.

Филиал басшысының айтуынша, мемлекеттік тапсырысты басқа жолдармен де орындауға болады. Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметін кеңінен пайдалану қажет. «Мәселен, тапсырыс аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі берілсе, бізге әрбір спикерді сағаттап жазып берсін. Сосын контентті таратсын. Біз одан «пецэффект» те жасаймыз, xабар да жасаймыз, жаңалық та жасаймыз. Ал оны жергілікті өнім ретінде де ұсынуға болады. Сонда аймақтың көрермені ондай жаңалықтарды жеңіл қабылдайды», - деп атап көрсетті Ағыбаев. 

Форум аясында аталған мәселе бойынша ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әлішев жауап берді . «Иә, аймақтарда xалық жергілікті жаңалықтарды көргісі келеді. Біз оны жақсы білеміз. Енді, осы саладағы жұмысты бастадық. Біз ақпараттық тапсырысты мемлекеттік сатып алулар жүйесінен бөліп шығардық. Дегенмен, аймақтар әзірше бұрынғы жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Сол себепті сәл қиындау болып тұр. Биыл біз өз сараптамамызды қорытындылап, тиісті есепті тапсырғаннан кейін ұсыныс жасаймыз. Үкіметке де шығамыз. Сонда аймақтардағы жағдай өзгереді», - деді Әлішев.

Өңірлік БАҚ форумы аясында бұқаралық ақпарат құралдарына жарнама тарту мәселесі де арнайы сессияда кеңінен талқыланды. Осы орайда теледидар мен радио компаниялардың басшылары бір үрдісті мойындап отыр. Соңғы бірнеше жылдың ішінде жарнамадан түсетін ақшаның басым бөлігі электронды бұқаралық ақпарат құралдарына салына бастады. Аймақтық телеарналар болса, әлі күнге дейін «жүгіртпе жолдан» шыға алмай отыр. Осы орайда «Астана» арнасының бас директоры Ләззат Танысбай табыс табудың басқа да жолдарын іздеуге кеңес беріп отыр. Мәселен, «Астананың» ұжымы түрік сериалдарын сатып алғаннан кейін, оның орыс тіліндегі дубляжын басқа мемлекеттерге сатып отырады. Арна басшысы жеңіл-желпі бағдарламалардың да пайдасы бар дейді. Себебі ондай жобаларды xалық көреді. Ал xалық көрсе, жарнама да түседі. Ал «31 арна» ЖШС бас директоры Бағдат Қожаxметов контенттің сапасын арттыру үшін реалити-шоу, музыка мен көңіл көтеретін бағдарламаларды көбейту керек деп санайды.
null 

Жалпы, теледидар саласының жағдайы жаман емес. Себебі оның үйде отыратын көрермені әлі де көп, кешке жиналып көретіндер де азаймайды. Алдағы уақытта цифрлық телевидение барлық республикаға таралса, осы саладағы бәсекелестік қыза түседі. Ал газеттердің жарнамадан түсетін табысы мүлдем төмендеді. ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаевтың ойынша, бүгінде газеттер жарнаманы тарту жағынан барлық мүмкіндіктерді пайдаланбай келеді. «Мәселен, газеттер прайсты көрсетіп, бір шаршы сантиметрге 500 теңге аламыз дейді. Түрлі жеңілдіктерді де ұсынады. Алайда газеттің өзін алып қарасақ, жарнаманың көлемі 10 пайыздан да аспайды. Кей кезде ол жарнама мүлдем болмай қалады. Негізі, барынша мобильді болу керек. Жарнама беруші үшін тиімді ұсыныстарды жасау қажет», - деді Әжібаев.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде газеттердің электронды нұсқасы да бар екенін ұмытпау қажет. Ол арқылы оқырман санын да, жарнаманы да арттыруға болады . Мәселен, әлемге әйгілі «Financial Times» газетінің таралымы - 1 млн дана. Соның ішінде 200 мың оқырман қағаз үлгісіне жазылса, қалғаны электронды нұсқасын оқиды. «Осының өзі - қыруар табыстың көзі. Біз баяғы Қазпошта жақтан оқырмандарды күтіп отырамыз», - деп атап көрсетті А.Әжібаев.

Негізі, осы саладағы мамандар кез келген жарнаманы сюжетке де, материалға да енгізуге болатыны жайында айтып отыр. Барлығы маркетинг пен журналистердің кәсіби шеберлігіне байланысты. Сондықтан аймақтық БАҚ осы мәселеге баса назар аударса, бүгінгі ғаламдық үдерістерге қарамастан жарнаманы көптеп тартуға мүмкіндік бар. Сосын барлығы бірдей мемлекеттік тілдегі жобаларды көбейтуге кеңес беріп жатыр. Себебі қазақ тілді аудитория кеңейіп келеді. Оның сұранысы теледидарда да, сайттарда да, ғаламтор желісінде де күн өткен сайын артып отыр. Бұл - аса қуанышты жағдай. Өйткені осы сұраныстың арқасында қазақ тілді бағдарламалар мен сериалдар көбейе түседі.

Министрліктің зерттеуіне сәйкес, бүгінде қазақстандықтардың 88 пайызы отандық өнімді, яғни өзіміздің ақпарат құралдарымыз ұсынатын тауарды таңдайды.

Ашығын айту керек, жаңа министрлік құрылғалы бері жергілікті жерде сапалы дүниелерді көрсетуге, тартымды материалдарды жазуға баса назар аударыла бастады. Өңірлік БАҚ форумы соның айқын дәлелі болса керек. Ал аталған алаңда талқыланып жатқан мәселелер сөз жүзінде қалмай, нақты шараларға сеп болуда. Оны ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев та растады . «Өткен жылғы форумда аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан бірқатар мәселелер көтерілген болатын. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі аталған ұсыныстардың бәрін зерделеп, өңірлік медианың сапасын арттыру бойынша тиісті шараларды атқарып шықты. Атап айтқанда, Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының альянсы құрылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс аясында жасалған өнімдерді өңірлік арналарға тарату мәселесі шешілді. Қазпошта арқылы баспасөзді дамыту шаралары да қолға алынды», - деп атап көрсетті Дәурен Әскербекұлы.

Айта кеткен жөн, Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының альянсы арқылы аймақтарға сан алуан телеөнімдер тегін таратылады. Мәселен, бүгінде  мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілген 150-ге жуық телеөнімді аймақтарға таратуға шешім қабылданды. Соның ішінде сериалдар, деректі фильмдер мен бағдарламалар бар. Бұдан бөлек, өңірлік БАҚ-тар альянс арқылы өз ұсыныстарын жасап, өзекті деген мәселелерін орталыққа жеткізе алады. Бұның барлығы келесі форумда талқылануы әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар