Өңірлердің өзекті проблемасы Үкіметтің жіті назарында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бақытжан Сағынтаев басқаратын Үкіметтің айына бір мәрте өңірлердің проблемалық мәселелерін талқылауды жолға қойғанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Бүгін де Министрлер кабинеті еліміздің жергілікті атқарушы органдары Үкімет алдына шығарған проблемалық мәселелерді қарады.

«Үкімет отырыстарында қарау үшін жергілікті атқарушы органдар 64 проблемалық мәселе енгізді, оның ішінде 27 мәселе республикалық бюджеттен 222,7 млрд. теңге сомасында қаржыландыруды талап етеді. Проблемалық мәселелердің ең көп саны көлік инфрақұрылымы саласына қатысты - 78,2 млрд. теңге. Сондай-ақ өңірлер инженерлік инфрақұрылымға 49,2 млрд. теңге, сумен жабдықтауға 38,4 млрд. теңге, өнеркәсіпті дамытуға 34,2 млрд. теңге, қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл жасауға 11,7 млрд. теңге, білім беруге 9,6 млрд. теңге, денсаулық сақтауға 1,2 млрд. теңге, ветеринарияға 0,2 млрд. теңге қаржы сұрайды», - деді отырыс барысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

Оның айтуынша, көлік инфрақұрылымы бойынша 5 өңір 78,2 млрд. теңге сомасында қаржыландыруды қажет ететін проблемалық мәселелерді енгізген. Мәселен, Алматы облысының әкімдігі Алматы қаласының 6 көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына қосу үшін 59 млрд. теңге сұрап отыр. Ал Атырау облысының әкімдігі 2016-2018 жылдары облыстық маңызы бар 123 шақырымдық  «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автожолын жөндеуге  11,3 млрд. теңгеге  қаржы қажеттігін айтуда. Батыс Қазақстан облыс жолдарын жөндеуге республикалық бюджеттен жыл сайын 7 млрд. теңгеден бөлуді өтінуде. Қызылорда облысы әуежайды жаңғыртуға 0,8 млрд. теңге сұрап отыр. Айта кетерлігі, бұл жобалардың барлығының да жобалық-сметалық құжаттары бар.

Инженерлік инфрақұрылым бойынша Астана қаласы, Алматы, Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары 49,2 млрд. теңге сомасында қаржыландыруды талап ететін жобаларды ұсынып отыр. Олардың ішіндегі Астана қаласының ішкі істер департаменті жеке құрамын орналастыруға арналған нысан  салуға 21,7 млрд. теңге, Алматы облысына қарасты Нұркент жаңа қаласының инженерлік инфрақұрылымын салуға 11,3 млрд. теңге, Қызылорда облысының 3 елді мекенінде газ жүргізу - газ бұру құбыржолдарын, АГТС және орамішілік желілерді салуға 11,2 млрд. теңге қажет етіледі.

«Сумен жабдықтау бойынша  Алматы мен Батыс Қазақстан облыстары 38,4 млрд. теңге сомасында 4 жобаны ұсынуда. Олар - 126,7 мың гектар суармалы жерлерді айналымға тарту, Алматы облысында су қоймаларын салу және жаңғырту және Батыс Қазақстан облысының ауылдарын сумен жабдықтау бойынша 27 жоба. Өнеркәсіп саласында Павлодар облысында 34,2 млрд. теңге сомасында көмірдің циклдық-ағымдық технологиясы бойынша тек бір жоба бар»,-  деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайларға қарсы іс-қимыл жасау бойынша Астана қаласы, Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстары сомасы 11,7 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны ұсынған. Оның ішінде 7,8 млрд. теңге «Сырдария өзенiнiң арнасын реттеудің және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтаудың екінші кезеңін іске асыру (САРАТС-2)» сияқты жобаны іске асыру үшін талап етіліп отыр.

Білім беру саласында проблемалық мәселелерді екі өңір қозғаған. 9,6 млрд. теңге қаржыға  8 балабақша, 2 мектеп салу және колледж студенттерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету көзделген. Денсаулық сақтау саласында қаржыландыруды қажет ететін тек 1 жоба бар. ол - Батыс Қазақстан облысында сомасы 1,2 млрд. теңгеге аудандық емхана салу. Ветеринария саласында Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстары республикалық бюджеттен 0,2 млрд. теңге сомасында ірі-қара малға вакцина егуді, дерматиттен мал басының кемігені үшін өтемақылық төлемдерді қаржыландыруды және ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендіру бойынша көрсетілетін қызметтерді қаржыландыруды сұрап отыр.

«Жалпы өңірлер жобаларды қаржыландыру үшін қаражат іздестірудің барлық қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланбайтынын атап өткім келеді. Мәселен, 2017-2019 жылдарға арналған субвенциялар мен алып қоюларды есептеу кезінде жергілікті бюджеттердің шығыс базасы едәуір ұлғайтылған. Тек 2017 жылға өңірлердің даму бюджеті 2016 жылмен салыстырғанда, 193,6 млрд. теңгеге артқан. Сондай-ақ 2017 жылы күрделі шығындар болжамы 2016 жылғы болжаммен салыстырғанда, 34,7 млрд. теңгеге ұлғайтылған. Осыны ескере отырып, 2017 жылдан бастап өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз етудегі өткір сәйкессіздіктерді жою және ұлттық маңызы бар жобаларды іске асыру үшін ғана нысаналы даму трансферттерін бөлу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірлер үшін 2017 жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін субвенциялардың көлемі 1 482,9 млрд. теңге көлемінде белгіленгенін атап өткен жөн, ол 2016 жылмен салыстырғанда 646 млрд. теңгеге көп», - деді ол.

Мұнан бөлек, Бишімбаев  Қаржы министрлігінің деректері бойынша ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес өңірлерде 355 млрд. теңге мөлшерінде жергілікті бюджеттер қаражатының қалдығы бар екендігін айтты. Мысалы, Атырау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласы сұрап отырған қаражат жергілікті бюджеттер қаражаты қалдығының есебінен жабылуы мүмкін. Басқа өңірлер бойынша сұралып отырған қаражаттың басым бөлігін де осы қалдықтардың есебінен жабуға болады.

Жобаларға бағыттауға болатын жергілікті бюджеттер қаражатының бос қалдығының нақты сомасы қаржы жылының қорытындысына қарай анықталады. Қаржы министрлігінің болжамдары бойынша бұл цифр ағымдағы жылдың соңына қарай кемінде 100 млрд. теңгені құрайды.

«Сондай-ақ, өңірлердің әкімдіктеріне мектепке дейінгі балалар мекемелерін салу, әуежайларды жаңғырту және сол сияқты жобалар бойынша мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері аясында жеке инвестицияларды тарту жұмысын жандандыру қажет деп санаймыз. Жекелеген жобалар бойынша, мысалы өңіраралық  автожолдар, суару жүйелерін салу, әуежайларды жаңғырту және тағы басқа да жобалар бойынша қаражатты халықаралық қаржы ұйымдарының  қарыздары есебінен іздестіруді орынды деп есептейміз. Жалпы, өңірлер нақты өңір үшін өзекті әрі ағымдағы сипатқа ие мәселелерді енгізді. Аталған мәселелер елдің бюджеттік заңнамасында белгіленген жоспарлы тәртіппен шешілуге тиіс. Бұл ретте өңірлердің әкімдіктері көтерген мәселелердің белгілі бір бөлігі жыл сайын республикалық бюджеттен ішінара қаржыландырылуда. Сондай-ақ өңірлер қаржыландыруды талап етпейтін мәселелер блогын белгіледі. Бұл негізінен нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша», - деп түйіндеді сөзін Бишімбаев.

Келесі кезекте сөз алған облыс әкімдері өздері басшылық жасайтын өңірлердегі өзекті проблемалар жайына кеңінен тоқталды. Мәселен, таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаев осыдан 1,5 ай бұрын үкіметте көтерілген мәселелер бойынша әлі күнге нақты шешім қабылданбағандығына шағымданды.

«Қыркүйек айының 10-ында Үкіметте Оңтүстік Қазақстан облысының өзекті мәселелері қаралған болатын. Соған байланысты 6 мәселе бойынша хаттама қабылданған еді. Осы мәселелер бойынша әлі ештеңе жасалған жоқ. Біз тағы да арнайы өзіңізден осы мәселелерге көмек беруіңізді сұраймыз. 1,5 ай өтті», - деді Түймебаев. 

Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса өңірдегі қараусыз қалған ескі мұнай ұңғымалары мен гидрогеологиялық ұңғымалар мәселесін Үкіметке жеткізуге тырысты.

«Бұрын игерілген, ескі мұнай кен орындарында Энергетика министрлігіне 89 ұңғыма тіркелген. Олар апатты жағдайда кей жерлерде сол ұңғымалардан май ағып, жерді, суды бүлдіріп, экологиялық зардап әкеліп жатыр. Мұнымен қоса, Атырау облысында 180 гидрогеологиялық ұңғыма тіркелген. Олардан да су атқылап, қазіргі таңда бақылаусыз жатыр. Сіздің атыңызға мен осы ақпараттарды жазып, қолдауыңызды сұраған едім. Тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді өңір басшысы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Сонымен қатар Атырау облысының әкімі бұл өте қауіпті жағдай екендігін, қазір шара қолданбасақ, соңынан кеш болуы мүмкіндігін ескертті. Өз кезегінде проблеманың барынша өзекті екендігін айтқан Үкімет басшысы Энергетика мен Инвестициялар және даму министрліктеріне бұл мәселені тыңғылықты зерделеп, нақты шешім қабылдауды тапсырды.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев болса өзі басшылық жасайтын өңірді 100 пайыз жанар-жағармаймен қамтамасыз етудің нақты жолдарын айтып, ол үшін Үкімет тарабының көмегі қажеттігін атап өтті.

«Біздің облыстың аумағында 5 шағын мұнай өңдеу зауыты бар. Жылдық мұнай өңдеу қуаты  675 мың тоннаны құрайды. Өкінішке орай, бүгінгі күні олардың жүктелімі  4-15 пайызға ғана тең. Сізден Энергетика министрлігіне бізбен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге  бұл мәселені қарастыруды тапсыруыңызды сұраймыз. Егер бұл зауыттар толық қуатында жұмыс істейтін болса, онда біз өзімізді жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ететін едік. Бізге жанар-жағармай сатып алуға жылына  200 мың тонна квота беріледі. Ал біздің қажеттілігіміз 280 мың тонна. Айырмасын ресейліктерден сатып аламыз. Екіншіден кемінде 700 жаңа жұмыс орны ашылар еді. 1,7 млрд. теңге көлемінде қосымша салық түседі», - деді Сапарбаев Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата.

Оның айтуынша, ақтөбелік мұнай өңдеу зауыттары мұнайды экспортқа шығарылатын бағамен сатып алуға да дайын. Осы ретте Премьер-Министр Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтен түсінік беруді сұрады.

«Ішкі нарыққа мұнай жеткізуге қатысты айтар болсам, бүгінгі  күні үш зауытымызды өніммен қамтамасыз етуде проблемаға душар болып отырмыз. Ешкім де өз еркімен зауыттарға барғысы келмейді. Соған сәйкес ішкі бағамен квота бойынша жеткізетін болсақ, біздің жер қойнауын пайдаланушылар наразылық танытады. Өкінішке  орай біз бұл жағдайды шеше алмаймыз. Егерде Бердібек Мәшбекұлы көтеріп отырғандай мұнайды экспорттық бағамен жеткізуге келсек, біз онымен жер қойнауын пайдаланушылармен бірге айналысуға дайынбыз», - деді вице-министр.

Премьер-Министр Энергетика министрлігіне Ақтөбе облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені қарастыруды тапсырды.

Айта кетерлігі, отырыс барысында өңірлерді мектеппен қамту мәселесіне қатысты пікір білдірген Білім және ғылым  министрі Аслан Сәрінжіпов жылына 100-120  білім ордасын салынуы тиістігін айрықша атап өтті. «Біз республикалық бюджеттен жылына кемінде 50 мектеп салу қажет деп есептейміз. Мәселен, бізде 11 сыныпта 220 бала оқып жатса, мектепке дейінгі жастағы 400 мың бала бар. Яғни, білім беру жүйесі ең бірінші болып халық өсімімен бетпе-бет келіп отыр. Бұған қоса бізде урбанизациялану жүріп жатыр. Демек, үлкен мектептер салу қажет. Ал бұған өңірлердің шамасы жетпейді», - деді Сәрінжіпов.

Отырысты қорытындылаған Премьер-Министр облыс әкімдеріне Үкіметтен белгілі бір мәселеде көмек не болмаса қаржы сұрап хат жазғанда барынша тыңғылықты болуға шақырды.

«Солтүстік Қазақстан облысы 30 млн. теңге сұрап отыр. Бұл тіпті күлкілі ғой. Мұндай хатқа қол қойып, орталыққа жіберіп, 30 млн. теңге сұрау меніңше ұяттау. Жергілікті маңызы бар проблеманы шешу үшін 30 млн. теңгені жергілікті бюджеттен де табуға болады», - деді Сағынтаев.  

Соңғы жаңалықтар