Өнеркәсіпке қажетті инновациялар ЖОО зертханаларында жүзеге асырылуда -Жолдау

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы еліміздің алдына экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған жаңа міндеттер қойып отыр. Соның ішінде индустрияның, ғылым мен техниканың дамуына негізделген жаңа заманауи технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған міндеттер жас ғалымдардың атсалыса шешетін мәселелері. 

Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірген С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Ұлттық ғылыми зертхана меңгерушісі, PhD докторы Бауыржан Рахадилов осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зертхана меңгерушісінің айтуынша, Елбасының Жолдауында көтерілген мәселелерді жүзеге асыруда ғылыми орталықтардың, институттардың және жоғары оқу орындарының алатын орны ерекше.

«Жалпы әлемде ғылым мен инновациядағы жетістіктердің көпшілігі жоғары оқу орындары жанындағы зертханалар мен ғылыми институттардан шығып жатқаны белгілі. Биылғы Жолдау біздің университет жанындағы Ұлттық ғылыми зертхана жұмысының мақсаттарын айқындап бергендей. Қазіргі таңда зертханада қызмет ету сапасы өте жоғары өндірістік шараларды жүзеге асыру, композиттік полимерлік материалдарды алу және ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану, өнімділігі жоғары картоп алудың биотехнологиялық әдістерін жасау сияқты бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, зертхана базасында Елбасы Жолдауының бағыттарына сәйкес келетін «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қажеттілігіне арналған энергия үнемдейтін автоматтандырылған жарықтандыру кешенін әзірлеу», «Машина жасау бұйымдарына арналған қажалуға төзімді материалдар алудың инновациялық технологияларын әзірлеу» және «Суда еритін полимерлер негізінде өсімдіктердің тұқымын қаптауға арналған полимерлік композиттер алу» сияқты жобалар да қолға алынған»,- дейді Бауыржан Рахадилов.

Оның айтуынша, осы секілді жобаларды жүзеге асыра отырып, Ұлттық ғылыми зертхана ғалымдары Елбасы Жолдауындағы міндеттерді іске асыруға ниетті.

«Бұл ретте жас ғалымдарды Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға, еліміздің төртінші өндірістік төңкеріс жағдайында бәсекеге қабілетті елге айналуына және әлемдегі отыз дамыған мемлекеттің қатарына кіруіне үлес қосуға шақырамын. Себебі, елдегі ғылымның, өндірістің және жаңа технологиялардың дамуы қазіргі жастардың білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Ал ғылым мен техниканың дамуы - бұл елдің басеге қабілеттілігінің кепілі» дейді ол.

Соңғы жаңалықтар