Өндіріс ошақтары тарифті xалықтан екі есе төмен бағамен төлеуі тиіс - Родостовец

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Николай Родостовецтің айтуынша, бүгінде өндірістік ошақтарға түсетін салмақ көп. Зауыттар xалыққа жұмыс пен жалақы беруден бөлек, коммуналдық тарифтерді екі, тіпті бес есе қымбат бағамен төлеуге мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Тау-кен саласындағы әлемдік бағалардың қалай өзгеріп жатқанын бәріміз жақсы білеміз. Алайда тарифтердің салмағы азаятын емес. Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде «KEGOC» желілері бойынша тарифтер екі есе өссе, РЭК бойынша бес есеге қымбаттады. Бүгінде әлем бойынша өндіріс ошақтары электр энергиясы үшін xалықтан екі есе төмен тарифпен төлейді. Жылу мен газ да солай. Себебі соның барлығы көтерме бағамен жеткізіледі. Кезінде Президент те электр энергиясы мен жылу бойынша тарифтерді теңестіру қажеттігі жайында айтқан еді. Алайда бізде Қарағанды мен Ақтөбе сияқты өндірістік аймақтарда ірі кәсіпорындар қуат көздері үшін екі есе артық бағаны төлейді. Зауыттарға үш есе қымбатқа түседі. Ал кейбір облыстарда өндірістер судың бір текше метрі үшін бес есе артық бағаны төлеуге мәжбүр», - деді Родостовец бүгін Астанада өтіп жатқан VIII Халықаралық тау-кен металлургия конгресінде.

Оның айтуынша, жергілікті әкімдер өз жұмысын жеңілдету үшін барлық шығындарды өндірістік ошақтарға жүктей салған.

«Алайда бір нәрсені түсініп алу қажет, xалыққа жұмыс пен жалақы беріп отырған - өндірістік ошақтар. Олардың шығындары аз емес. Сондықтан тарифтік саясатты өзгерту керек», - деп атап көрсетті ұйым басшысы.

Айта кетейік, конгресс кезінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директоры Парамжит Калон кеншілердің зейнет жасын кемітуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар