Омбы-Майқапшағай жолы 3,5 жылда жөнделіп бітеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек биыл республикалық маңыздағы жолдарды жөндеуге 80 млрд теңге бөлінгенін атады. Ал Қытай мен Ресейдің арасын жалғайтын Омбы-Майқапшағай жолы 3,5 жылда толық жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық маңызға ие Омбы-Майқапшағай тасжолына аталмыш министрлік аса маңызды логистикалық нысан ретінде қарап отыр. Жеңіс Қасымбек оған Батыс Қытай-Батыс Еуропа дәлізінен кейінгі маңызға ие жол деген баға берді. Министрдің айтуынша, бұл жол алдағы 3,5 жылдың ішінде толықтай күрделі жөндеуден өтіп, Қытай мен Ресей арасын жалғайтын үлкен қатынас дәлізіне айналмақ.

«Шығыс Қазақстан - транзиттік аймақ. Омбы-Майқапшағай жолы Қытайды Ресей арқылы Еуропамен жалғайтын дәліздің бірі. Елімізде «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» атты үлкен дәліз салынып жатқанын білесіздер. Біздің ел мұхитқа шыға алмағанымен, ауқымды транзиттік әлеуетке ие. Өйткені Қытай мен Еуропаның ортасында жатырмыз. Мұндай мүмкіндікті пайдаланбау күнә», - деді министр.

Министрдің айтуынша, Омбы-Майқапшағай жолының жөнделуі оның бойындағы елді мекендердің жандануына түрткі болмақ. Сервистік орталықтар мен мотельдердің  ашылуы қосымша жұмыс орындарының пайда болуына түрткі болмақ.

Соңғы жаңалықтар