Олжас Сүлейменов: Әл-Фарабидің еңбектері Еуропаның қайта жандануына көмектескенін үнемі еске салып отыру қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропаның қайта жандануына әйгілі ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің еңбектері көмектескенін үнемі ескертіп отыру қажет. Мұндай пікірді бүгін ҚР Ұлттық музейінде өткен «Қазақстан: ежелгі мәдениеттер тоғысы» атты дөңгелек үстел барысында ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов айтты.

«VII ғасырда арабтар Гибралтар бұғазы арқылы өтіп барып, Испанияны басып алды, сол жерде 8 ғасыр бойы тұрақтады. Сондықтан олар Испанияның да, жалпы Еуропаның да мәдениетіне көп жаңалық енгізді, біздің әл-Фараби бабамыз да олардың қатарында. Оның еңбектері XI ғасырда араб тілінен латыншаға аударылды. Олар қандай еңбектер еді? Олар ежелгі гректер Аристотель мен Платонның еңбектері болатын. Еуропа ол кезде Аристотельді де, Платонды да, ежелгі гректердің мәдениетін де білмейтін. Өйткені онда христиан фундаментализмі болды, барлық ұлы ойшылдардың еңбектері жойылған еді», - дейді О.Сүлейменов.

Оның айтуынша, ежелгі грек ойшылдарының кітаптары сол кезде тек Бағдатта ғана сақталған. Оларды әл-Фараби араб тіліне аударған болатын.

«Міне, сол кітаптар ХІ ғасырда Гранада мен Кордоваға жетеді. Сол жерде оларды латын тіліне аударады. Сосын Аристотель мен Платонның кітаптары күллі Еуропа бойынша жасырын түрде тарап кетеді. Осылайша қайта жандану - яғни ренессанс дәуірі басталды», - деп атап өтті ол.

Ақынның айтуынша, осылайша ұлы ойшыл әл-Фараби және жалпы араб мәдениеті қазіргі батыс өркениеті иек артып келе жатқан құндылықтардың қайта жандану дәуіріне өлшеусіз серпін берді.

«Олар бұл туралы ұмытып кетеді, сондықтан үнемі естеріне салып отыру қажет», - деп түйді О.Сүлейменов.

Айта кетейік, дөңгелек үстел «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» жаһандық жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар