Олимпиадаға жолдама алған шорттрекшілеріміздің болжалды саны анықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сеул қаласында шорт-тректен өткен Әлем кубогының төртінші кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасы табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын спортшылар 5 мың метрлік эстафетада «А» финалында бақ сынады. Бұл жарыста оңтүстіккореялықтар ешкімге дес бермей, чемпион атанса, Нидерланды, АҚШ шорттрекшілері сәйкесінше екінші-үшінші орындарды бөлісті. Ресейліктер мәре сызығын - төртінші, қазақстандық жігіттер бесінші болып қиып өтті.

Әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысына сәйкес Қазақстан Ұлттық құрамасының алдағы жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадаға алған  лицензияларының болжалды саны анықталды.

«Әлем кубогының төрт бірдей кезеңі осымен аяқталды. Менің санауымша, Олимпиаданың тоғыз лицензиясына ие болдық. Оны кейін Халықаралық конькишілер одағы есептеп, мәліметін береді. Олимпиадаға екі айдай уақыт қалды. Алда үлкен жарыстар жоқ. Ерлер Голландияда, қыздар Кореяда дайындалады. Содан кейін Олимпиадада кездесеміз», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Қазақстан құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков.

Айта кетейік, 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына Қазақстаннан тұңғыш рет батысқазақстандық Айдар Бекжанов қатысып қайтқан болатын. Ал негізгі бөлігін батысқазақстандық спортшылар құрайтын Қазақстанның ерлер құрамасы Сочи Олимпиадасында 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға көтерілген еді. Бұдан бөлек, 2016-2017 жылғы Әлем кубогы кезеңдерінде батысқазақстандықтар Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиев, сондай-ақ атыраулық Денис Никиша жекелеген қашықтықтарда жеңімпаз атанып, оған қоса Ұлттық құрама да эстафетада жүлдеге іліккен болатын. Сондықтан алдағы жылғы ең басты дүниежүзілік додада қазақстандықтар жүлдеге қол жеткізеді деген үміт бар.

 

Соңғы жаңалықтар