Олимпиадаға дейін бабыма келемін - Денис Тен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен өткен жылдың тамыз айында жарақат алған аяғының қалай жазылып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, тобығын қалпына келтірудегі оңалту ем-домы 150 күнге созылған. Қазіргі уақытта мәнерлеп сырғанаушы физиотерапия алып, буындарын күшейтуге арналған жаттығуларды жасауда. Сонымен қатар тоқсан сайын екпе салдырып, залда көп жұмыс істеуде.

«Аяғымды рекуперациялау бойынша 2018 жылғы бірінші (соңғы деп үміт артамын) тексеруі. Бүгін магниттік-резонанстық томография буындардың бір-бірімен байланыса бастағандығын көрсетті, сонымен бірге сүйектің қанталауы азайды. Егер біріншісі аяқты тұрақсыздандырса, екіншісі кенеттен ауыртып жіберетін. Толықтай қалыпқа келу үшін әлі де шамамен 6 ай қажет. Дегенмен, Олимпиадаға қарай оңтайлы күйге келемін», - деп жазды спортшы Инстаграмдағы парақшасында.

null 

Денис Тен бұған дейін жаттығулар барысында секіргеннен кейін оң аяғымен ғана жерге табан тірей алғандығын, ал қазір қарғи алатын болғанын атап өткен.

«Бұл әлі де болса ауыртып жібереді. Бірақ, енді жүктемені арттыруға да болады. Әрине, мұндай жетістік қуантарлық емес. Дегенмен, 3 апта бұрын алғаш рет жаттығу барысында лутц (оң аяқпен орындалады) секірдім, флипті одан сәл ертерек жасай бастадым. Қарқынды кезең туып келеді», - деді мәнерлеп сырғанаушы.

Айта кетейік, 2018 жылдың 9-25 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Әлемнің 80 елінен 5 мыңнан астам спортшы мен ресми өкіл қатысатын ақ Олимпиадада спорттың 15 түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Ал Қазақстан спортшылары биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл (акробатика, могул) сынды спорттың 9 түрінен ел намысын қорғайтын болады. Бүгінге дейін ел қоржынында 30 жолдама бар.

Соңғы жаңалықтар