Олимпиада жүлдегерлерін дайындаған қарағандылық педагогтарға сыйақы беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жаңа оқу жылынан бастап республикалық жарыстар мен олимпиадалар жеңімпаздарын, жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдер ақшалай сыйақымен ынталандырылатын болады. Бұл туралы білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз конференциясы барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бізде ұстаз беделін, мұғалімдердің шығармашылық жұмысқа деген ынтасын көтеруге бағытталған бірқатар ұсыныстар бар. Біріншіден, республикалық, халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған педагогтарға грант тағайындау. Екіншіден,мұғалімдер арасында олимпиада өткізу. Марапаттау нәтижесінде 30 жеңімпаз бір айға шетелге тәжірибе алмасуға жіберіледі», - деді облыстық білім басқармасының бастығы Асқат Аймағамбетов.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл бастаманы қолдады. Бірақ, конференцияда сыйақы мөлшері нақтыланбады.

Сондай-ақ шара барысында аймақ басшысы қалалар мен аудан әкімдеріне жас ұстаздарды қолдау бағдарламасын жасауды тапсырды. Әрбір маман әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен бірге, облыста педагог мамандардың электронды биржасы құрылатын болады. Өңірде математика, физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері жетіспейді.

«Электронды биржа бос жұмыс орындарын уақытылы толтыруға және қажеттілікті болжап отыруға мүмкіндік береді. Бірыңғай бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеуші педагогтар базасы қалыптасатын болады. Бұл мектеп директорларына неғұрлым маманданған педагог кадрларын таңдауға мүмкіндік береді. Және ең бастысы - электронды базаның құрылуы жұмысқа қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етеді»,- деді Асқат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар