Олимпиада ұйымдастырушылары 1 млрд доллар үнемдеуі мүмкін - ХОК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Games Management 2020 бағдарламасының арқасында ұйымдастырушылардың 1 млрд долларға дейін қаржы үнемдеуге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

17 қазан күні ХОК баспасөз қызметі Олимпиада ойындарының ұйымдастырушыларын мүмкіндігінше көбірек қолдау мақсатында Комитет арнайы Games Management 2020 бағдарламасын қабылдағанын хабарлаған болатын. Оған сәйкес, 2026 жылғы Олимпиаданы қабылдаған қалаға ХОК 925 миллион доллар төлейді.

«Жаңа бағдарламаның арқасында туындайтын мүмкіндіктер Ойындар тарихында бұрын-соңды болып көрмеген. Қысқы Олимпиаданы қабылдаушы тарап 500 миллион долларға дейін, ал жазғы Ойындарды өткізген қала 1 миллиард долларға дейін үнемдей алады. Жаңаша іс-шаралар ХОК-тың алдағы уақытта өтетін отырысында талқыланады», - деді Т. Бах.

ХОК-тың 132-сессиясы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында 6-7 ақпан күндері болады. Осы қала ұйымдастырып отырған биылғы қысқы Олимпиада 9-25 ақпанда өтеді.

Айта кетейік, 9 ақпан күні Пхенчханның Олимпиада стадионында Астана уақытымен сағат 17-00-де ашылу салтанаты басталады. Бұл шарада Қазақстанның көк байрағын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев көтеріп шығады. Биылғы қысқы Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшылардың толық тізімін мына жерден, Қазақстандық спортшылар Олимпиадада сынға түсетін спорт түрлерін мына жерден көре аласыздар.

Ал Қазақстан құрамасының жарыс кестесімен мына жерде танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар