Олимпиада чемпионы қазақстандық шаңғышылардың нәтижелеріне баға берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 1994 жылғы Олимпиада чемпионы, танымал қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов Пхенчханда өткен Олимпиада-2018 жарысының қатысушыларының өнеріне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жанкүйерлер классикалық стильмен 50 км қашықтыққа сынға түскен Алексей Полторанинге үлкен үміт артты. В.Смирновтың пікірінше, жанкүйерлердің А.Полторанинге деген сенімі жайдан-жай туындамаған. Жағдайдың бұлайша өріс алуына Алексейдің Әлем кубогының кезеңдеріндегі нәтижелері ықпал еткен.

«Өкінішке орай, ол қашықтықтың соңына дейін шыдай алмады. Меніңше, ол психологиялық, тактикалық тұрғыдан шыдай алмады. Оның дайындығы жақсы болатын, жеңіске деген ұмтылысы да дұрыс еді. Жарыстың басында ол бәрін де дұрыс істеді, оның басты мақсаты «алтын» болатын. Егер ол жарыс барысында өзімен жарысқа шыққандарға қарап, психологиялық тұрғыда сыр берген болса, жағдайға қарай тиісті шешім қабылдап, тактикаға көшіп, ең құрығанда қолаға қол жеткізу керек еді. Осы міндетті ол орындай алмады»,-деді Владимир Смирнов.

«Ал Қазақстанның жалпы шаңғышылар командасының нәтижелері біз күтпеген жағдай емес. Қазақстандықтар эстафетада 8-ші орын алды. Жеке жарыстарда үздік 30-40-қа енді. Бұл орта деңгейдегі команда, олардың нәтижелері шаңғы спорты Қазақстанда бар және ол жетіліп келеді дегенді көрсетеді. Өкінішке орай медаль алу тұрғысынан келгенде барлық үміт А.Полторанинмен байланысты болды. Жағдай өзгеруі үшін балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту керек сияқты. Өйткені бізге базалық жұмыс жетіспейді. Ол елде балалардың қысқы спорт түрлеріне арналған инфрақұрылымның жоқтығымен байланысты. Спортқа деген құлшыныс балабақшадан басталады және ол спортшыны карьерасы аяқталғанша ынталандырып отырады»,-деп түйіндеді Владимир Смирнов.

Айта кетейік, қазақстандық Алексей Полторанин классикалық стильде 50 км қашықтағы сында 15-ші орынға табан тіреді.

Соңғы жаңалықтар