Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов Орал қаласында болды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов Орал қаласында болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Атақты спортшы алдымен «Орал» ойын-сауық кешенінің кинотеатрында көрсетілген «Движение вверх» фильмінің көрсетіліміне қатысты.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов уақытын бөліп, Ақ Жайық өңіріне арнайы келгені үшін ризашылығын білдіріп, Ә.Жармұхамедовке алғысхат табыс етті.

Ресейлік режиссер Антон Мегердичевтің аталмыш фильміне 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында КСРО мен АҚШ баскетболшылары арасындағы финалдық матч арқау болған. Онда кеңес спортшыларының матч бітуге үш секунд қалғанда, жеңісті жұлып, чемпион атанғаны белгілі. Осы ойынның қақ ортасында болып, қаһармандардың біріне айналған Әлжан Жармұхамедовті Қазақ елі де құрмет тұтады.

«Мен ата-бабаларымның жеріне келгеніме қуаныштымын, осында әкем туып-өсті. Фильм премьерасына келіп, мені жылы қабылдағаны үшін алғысымды білдіремін. Фильм де тек баскетбол туралы ғана емес, сонымен қатар достық, команданың бірлігі, олардың жеңіске деген жігері туралы. Жеңілмейтіндей көрінген АҚШ құрамасын тізе бүктірген сол спортшылардың ерлігі бүгінде аңызға айналды. Соны режиссер мен актерлер жақсы бере білген», деді қазіргі кезде Мәскеуде тұратын Әлжан Жармұхамедов.  

Фильмнен кейін Орал қаласы мен Зеленов ауданының оқушылары атақты спортшыдан қолтаңба алып, суретке түсті. Сондай-ақ атақты баскетболшы «Рухани жаңғыру» музейінде өңір жастарымен, содан кейін спортшылармен кездесті.

Соңғы жаңалықтар