Олимпиада-2018: Медаль күтіңіздер - Юлия Галышева
Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған қазақстандық спортшылардың ішінде медаль алуға басты үміткерлердің бірі - могулші Юлия Галышева.
Ол бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында өзінің мүмкіндігі туралы айтып өтті.
- Олимпиадаға қаншалықты дайынсыз?
- Олимпиадаға жүлде үшін келдім. Бұйырса, меннен медаль күтіңіздер.
- Өзіңізге қаншалықты сенімдісіз?
- Мен қазір нағыз бабымдамын. Бұйырса тек медаль үшін сайысамын. Осыған дейін әлем кубогының төрт кезеңінде бағымды сынадым. Барлық кезеңдегі көрсеткішім көңілімнен шықты. Бұл кезеңдер Олимпиада алдындағы басты сынақ болатын.
- Бұйырса сізді Олимпиадада жеңіс тұғырынан көреміз бе?
- Солай болуын тілей беріңіздер. Қазір бабымдамын, тек бағым шапса болғаны.
- Өз мүмкіндігіңізді шамалап көрген сияқтысыз...
- Иә, бірінші орын демесек те, екінші, үшінші орындар үшін таласуға болады.
- Әңгімеңізге рахмет. Өзіңіз ойлаған биікті бағындыруға тілекшіміз...
Еске сала кетсек, Юлия Галышева 9 ақпанда (жұма) фристайл-могулден біліктілік жарысына қатысады.