Олимпиада-2018: Қазақстандық спортшылардың төртінші жарыс күнгі нәтижелері

None
None
ПХЕНЧХАН. ҚазАқпарат - 12 ақпан күні Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындары қазақ елі үшін сәтсіз өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін аптаның бірінші жұмыс күні Пхенчхандағы олимпиадашыларымыздан тағы да медаль күткеніміз жасырын емес. Ол фристайлдан ерлер арасында сынға түскен Дмитрий Рейхерд болатын. Алайда, ол финалдық екінші кезеңде қателіктерге бой алдырып, 58.64 ұпаймен 8-ші  орынға табан тіреді.

Сондай-ақ, жарыстың осы түрінен жарыс жолына шыққан тағы бір спортшымыз Павел Колмаков 76.10 ұпаймен 7-ші орынға ие болды. Осылайша қос спортшымыз үздіктер қатарынан көріне алмады. Ал биатлоннан сынға түскен Роман Еремин жарысты 52-ші орынмен аяқтады.

Сонымен қатар, коньки спортынан әйелдер арасында 1500 метрге жүгірген Екатерина Айдованың жолына да үмітпен қараған едік. Өкінішке қарай, Айдова аталған қашықтықты 18-ші орынмен аяқтады.

Биатлоннан ел намысын қорғаған спортшымыз Галина Вишневская Олимпиада ойындарын 20-шы орынмен аяқтады. Ол із кесу мен масс-стартты жақсы меңгергенін көрсете білді. Барлық оқ ату шебінде мінсіз өнер көрсетті. Тура осы сында сайысқа түскен екінші отандасымыз Дарья Климина 57-ші орынға жайғасты.

Бүгін сондай-ақ,  Олимпиада ойындарында тау шаңғы спортынан Мария Григорова бақ сынайтын болған. Өкінішке қарай,  Пхенчхандағы ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл сайыс түрі 15 ақпанға қалдырылды. Осылайша, қазақстандық спортшылар бүгін медальға қол жеткізе алаған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қазақстан қоржынына  фристайлшы Юлия Галышева алғашқы қола медальді салған болатын.

фото: olympic.kz

Соңғы жаңалықтар