Өлген досын күзетіп отырған ит елорда тұрғындарының көңілін босатты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы жануарларға көмек көрсету және оларды қорғау жөніндегі еріктілер қозғалысы өздерінің Инстаграмдағы аккаунтында өлген досын жоқтап тұрған иттің фотосуретін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл екі ит үнемі бірге жүретін. Енді олардың бірі өліп қалды. Итті біреу уландырып өлтіруі мүмкін. Бұған дейін ол үйдің іргесінде жатқан еді, кейіннен біреулер төбеттің өлі денесін қоқыс жәшігіне қарай апарып тастаған. Үш күн қатарынан екінші ит өліп қалған досының жанынан кетпей, күзетіп отыр. Мұндайда көз жасыңа ерік береді екенсің. Тура Хатико оқиғасы секілді (Жапониядағы ит туралы оқиға). Контейнерлерді босатқанымен, итті сол жатқан күйінде қалдырып кетті... Бәрінен бұрын екінші ит қатты қайғырып жүр»,-деп жазылған әлеуметтік желіде.

Өз кезегінде желі пайдаланушылары ондаған пікірлерін қалдырған. «Иттер ең адал әрі ерекше жануарлар!»,-деп жазды @nadezhdakhon.

«Адамдарға қарағанда, иттер досына адал»,-дейді svetlana66805.

«Бұл иттер менің үйімнің жанында жүреді. Екі күн бойы осы төбетті тамақтандырып жүрмін. Ол тамағын жегеннен кейін, қайтадан жаңағы орнына барады. Бүгін кешке оны байқамадым. Кейінірек тағы барып, итті байқап келемін»,-деп жазды izoldashalomova.

ҚазАқпарат тілшісіне еріктілер қозғалысы екінші ит жануарлар паналайтын жерге жеткізілетінін хабарлады.

«Бүгін еріктілер оны иттерді асырайтын «Асенька» деген орынға жеткізеді. Қазіргі кезде бастамашы топ жиналып жатыр. Итті ұстап алып, тиісті орынға апарады»,-деді ҚазАқпаратқа берген сұхбатында еріктілер қозғалысының белсендісі Кристина Алиева.

Соңғы жаңалықтар