Ольга Рыпакова алтын үшін таласа ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында қол жеткізген көрсеткіші әлем бойынша ең үздік нәтиже болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чемпионның әкесі әрі бапкері Сергей Алексеевтің айтуынша, Ольга барын салып, секірген жоқ. Әдеттегі жаттығуларға қатысқандай болды.  Дегенмен, екінші мүмкіндігін орындағанда бірден 14.45 метрге секірді.  Бүгінде аталған көрсеткіш әлем бойынша үздік нәтиже болып саналады. «Осы маусымда бразилиялық Нубия Суарес 14.35 метрді көрсетсе, Ямайканың атлеті Кимберли Уильямс 14.32 метрмен шектеліп отыр. Ал 2016 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Юлимар Рохастың қазіргі нәтижесі - 13.95 метр. Бұл әлем бойынша тоғызыншы көрсеткіш», - делінген федерацияның ресми хабарламасында.

Осылайша, Ольга Рыпакова бірден нормативті (14 метр) орындап, 4-13 тамызда Лондонда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды. Оған дейін қазақстандық атлет 8 маусымда Римде болатын Гауһар лигасына қатысады.

Айта кетейік, өткен жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында Ольга Рыпакова қола жүлдені иеленген болатын. Оның сол кездегі көрсеткіші - 14 метр 73 сантиметр. Колумбиялық Катрин Ибаргуэн болса, 15 метр 17 сантиметрге секіріп, алтын алқаны жеңіп алды. Ал Венесуэладан келген Юлимар Рохас (14.87 метр) екінші орыннан көрінді.   

Соңғы жаңалықтар