Оқушыны зорлау оқиғасы: Жамбылдағы барлық мектептерде қауіпсіздік күшейтілді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараздағы 7-сынып оқушысының зорлануына қатысты шулы оқиғадан кейін, облыстағы барлық білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуде, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиғадан кейін облыс әкімі Асқар Мырзахметов жедел кеңес өткізіп, аталмыш жайтқа жол берген барлық жауапты тұлғаларды жұмыстан босату керектігін баса айтып, алдағы уақытта қандай да қылмыстық факті орын алған мектептің директоры мен тиісті орынбасарлары, білім беру бөлімінің басшысыларына да осы жаза түрі қолданылмақ.

«Қатаң сөгіс» деген секілді жаза түрін қолданып, ары қарай жұмысын жалғастыра беру бірінші кезекте адамгершілікке жатпайды. Салада темірдей тәртіп орнатып, сол тәртіптің талабына сай емес мамандар қызметтен кету керек. Жасөспірімдер қауіпсіздігін күшейту мақсатында жүргізілетін жұмыстарға адамгершілік тұрғыда қарап, оған асқан жауапкершілікпен назар аударылуға тиіс. Бұл тапсырмалардың орындалу барысы өзімнің жіті қадағалауымда болады»,-деді Асқар Мырзахметов.

Облыс әкімінің тапсырмасына сай жауық арада облыстың барлық мектептері толықтай қоршалатын болды. Ауылдар мен аудан орталықтарындағы мектептерді қалайда тезірек қоршауды аудан әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ, барлық мектептердегі әжетханаларды оңтайландыру, оларды қауіпсіз ету жүктелді. Сонымен қатар, білім беру мекемелерін 100 пайыз камерамен қамтамасыз ету үшін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына олардың шығынын есепке алып, бұл мәселені де толықтай шешуді тапсырды.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша 442 мектеп жұмыс істеуде десек, олардың 98,4 пайызы бейнебақылау камераларымен қамтылған.

Аймақ басшысы, облыстық полиция департаменті мектептерге бөлінген инспекторлардан өзге полиция қызметкерін де мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеп, таңғы, түскі және кешкі мезгілде полиция қызметкерлерінің міндетті түрде мектеп аумағын бақылауды үйлестіру керектігін айтты.

Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына орай, шұғыл шаралар қолға алынып, өңірдегі мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі кемшіліктерді анықтау, оның ішінде мектеп инспекторлары мен бейнекамералардың жетіспеушілігі, оқу орындарының аумағында қоршаудың, санитарлық жабдықтардың болмауы және басқа да мәселелер бойынша полиция департаментімен арнайы жұмыс тобы құрылып үлгерілді. Бұл туралы департамент бастығы Арман Оразалиев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Мектеп жанындағы аумақтарда кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстарды болдырмау бойынша жұмысты күшейту мақсатында, күндізгі және кешкі уақытта полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігінің өкілдерімен бірлесіп патрульдеу ұйымдастырылады. Мектеп инспекторларының іс-әрекет алгоритмі қайта қаралды. Мектептегі бейнебақылау камераларынан бейнелерді тек директордың кабинетіне ғана емес, сонымен қатар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен мектеп инспекторының кабинеттеріне шығару мәселесі қаралуда»,-деді Арман Оразалиев.

Сондай-ақ, облыстың бас полицейінің айтуынша, Тараз қаласының №6 орта мектебінде орын алған қылмысқа байланысты Тараз қаласы Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметінің бастығына, Тараз қалалық ПБ 2-полиция бөлімінің және 2-ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастықтарына, 2-ПБ ювеналдық полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторына қатаң сөгіс жарияланды, ал мектеп инспекторы ішкі істер органдарынан шығарылған.

Кәмелетке толмағандар жасаған және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу мәселелері департамент басшысының күнделікті бақылауында болмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай Тараз қаласындағы №6 мектепте болған сұмдық оқиға өткен аптаның жұма күні орын алды. Аталған мектеп әжетханасында 12 жасар оқушы қызға азғындық әрекет жасаған 38 жасар күдікті көп ұзамай қолға түсіп, қамалған. Бұған жол берген жауапты басшылар жаппай жазаланып, жұмыстарынан босатылуда. Бүгінде жәбірленуші ауруханаға жатқзызылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар