Оқушылар мен студенттерге кәсіпкерлік негізін оқытқан дұрыс - Дариға Назарбаева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Студенттерге арналған үздік бизнес жобаларға байқаулар өткізу керек. Бұл туралы бүгін «Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық бизнес-конференцияда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева мәлім етті.

«Бүгінде шын мәнінде кәсіпкерлікке ерекше екпін қойылуда және іскерліктегі басымдықтардан әрбір қазақстандық хабардар болуы тиіс. 18 миллион халықтың арасында 8,5 миллионы белсенді жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде әрбір еңбек ететін адамға шамамен жұмыс істемейтін екі адамды асырау керектігін білдіреді. Осы тұрғыда бюджетке жүктеме арта береді, ал мемлекеттік бюджеттің де өзінің шегі бар. Сондықтан да Президент бизнесті қолдау керектігін, экономикада мемлекеттің үлесін қысқартуды және оны жекеменшікке беру жайында айтып жүр. Бұл қадам табысқа жетудің ең дұрыс жолы. Балаларды ерте кезден білімін шыңдауға, іскерлікте өздеріне сенімді болуына баулу керек», - деді сенатор.

Оның пайымынша, Қазақстанда жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін кәсіпкерлік негізі бойынша оқу бағдарламаларын енгізу қажет. Сонымен қатар мектеп және студенттік командаларын құрып, үздік бизнес жобаларға облыстық әрі республикалық байқаулар өткізу керек. Бұл тұрғыда жеңімпаз атанғандарға жобаларды іске асыру үшін гранттар бөлген дұрыс.

«Әрбір түлек бизнес жобаны даярлауға және оны қорғауға қауқарлы болуы тиіс», - деп түйіндеді сөзін Дариға Назарбаева.

Соңғы жаңалықтар