Оқу жылы қысқартылады деген ақпарат жалған - Астана білім басқармасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Ботагөз Омар ЭКСПО-ға байланысты оқу жылы  қысқартылады деген ақпараттың жалған екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік желіде таралған ақпарат шындыққа жанаспайды: оқу жылы қысқартылмайды, Астана үшін де», - деп жазды ол Фейсбуктегі парақшасында.

Осы ретте Ботагөз Омар  ҚР Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушы Эльмира Суханбердиеваның бұйрығын дәлел ретінде келтірген. Аталған бұйрықта оқу жылының ұзақтығы мектепке дейінгі сыныптарда 32 оқу аптасы, 1 сыныптарда 33 оқу аптасы, 2-11 ((12) сыныптарда 34 оқу аптасы деп белгіленгені көрсетілген.

Оқу жылы бойында бірнеше демалыс беріледі. Мәселен, 1-11 (12) сыныптар күзде 7 күн (2016 жылдың 31 қазанынан 6 қарашаға дейін) қыста 10 күн (2016 жылдың 30 желтоқсанынан бастап 2017 жылдың 8 қаңтарына дейін), көктемде 13 күн (2017 жылдың 21 наурызынан бастап 2 сәуірге дейін) демалады.

Мектепке дейінгі сыныптарға күзде 7 күн (2016 жылдың 31 қазанынан 6 қарашаға дейін) қыста 14 күн (2016 жылдың 26 желтоқсанынан бастап 2017 жылдың 8 қаңтарына дейін), көктемде 15 күн (2017 жылдың 21 наурызынан бастап 4 сәуірге дейін) демалыс беріледі.

Мектепке дейінгі және 1-інші сынып оқушыларына қосымша 7 күндік (2017 жылдың  1-7 ақпаны аралығы) демалыс қарастырылған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде ҚР Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының бұйрығымен оқу жылы 1 қыркүйектен бастап 15 мамырға дейін жалғасатындығы туралы ақпарат тараған болатын. Аталған хабарламада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өтетіндігіне байланысты елорда оқушылары 16 мамырдан бастап 14 қыркүйекке дейін демалатындығы айтылған. 

Соңғы жаңалықтар