ОҚО: Жұмыспен қамту орталығының экс-директорына халықаралық іздеу жарияланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығының экс-директорына халықаралық іздеу жарияланды. Оған 400 млн теңгеден астам мемлекет қаражатын жымқырды деген күдік келтірілуде. Бұл туралы бүгін облыстық сотта өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың судьясы Бүркіт Байдуллаевтың сөзінше, Абай аудандық соты 5 қаңтар күні өңірдің Мемлекеттік кірістер департаменті тергеушісінің өтінішхаты бойынша Шымкент қалалық Жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры Асылжан Жамалбековке халықаралық іздеу жариялау туралы қаулы шығарған. Жамалбеков аса ауыр қылмыс жасады деп күдіктелуде.

«Ол мемлекеттік қызметті атқаруға теңестірілген лауазымды тұлға бола тұра, ұйымдасқан қылмыстық топты өзіне бағынышты қызметкерлердің арасынан құрған. Топтың басқарушысы ретінде 2015 -2017 жылдар аралығында күдікті И.Джунусалиевамен адамдар тобы болып алдын-ала сөз байласып, бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкіне құқықты иемденіп, бағдарлама аясында бөлінген қаражаттардың ысырап етілуіне ықпал жасаған. Ол үшін өзіне материалдық сыйақы алып, мемлекет бюджетіне жалпы көлемі 437 384 604 теңге залал келтірген», - делінген қаулыда.

Аталмыш факті бойынша орталық директорының үстінен Қылмыстық кодекстің  262-бабы 3-бөлігімен («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер»), 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен («Алаяқтық») іс қозғалған. Күдікті ұсталған жағдайда Шымкент қаласының тергеу изоляторына жеткізілетін болады.

Айта кетейік, Жамалбеков Асылжан Шәріпбекұлы 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян елді мекенінде дүниеге келген, үйленген, бұрын істі болмаған. Ол осы жылдың  қараша айынан бастап тергеуден жасырынып жүр. 31 жастағы шенеунік  облыстың танымал отбасынан шыққаны да белгілі.  Оның әкесі облыстық мәслихат депутаты, «ОҚО Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ комиссия төрағасы. Ал туған ағасы Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарады.
null null 

 

Соңғы жаңалықтар