ОҚО: ҰБТ-дан төмен көрсеткіш көрсеткен аудандық білім бөлімінің басшысы өз еркімен қызметінен кеткен
Мұғалімдердің басын қосқан жиында мәлім болғандай, Ордабасы ауданының биылғы түлектерінің орташа балы 64,3 пайызды құрап, облыс бойынша соңғы 15-ші орынға тұрақтаған. Осыған байланысты аудандық білім бөлімінің меңгерушісі орнын босатты. Жалпы ауданда 65 білім ошағы бар болса, соның 45-і орта мектеп саналады. Осы 45 мектептің 10-ы орташа балдан төмен көрсеткіш көрсеткен. Ал, Сәтбаев, Мақташы, Оңтаев, Дулати және Оразбаев мектептері оқушыларының орташа балы шектік 50 балға да жете алмаған. Осыған байланысты соңғы орындағы 10 мектептің директорларына шара қолдану көзделіп отыр. Жалпы, мектеп бітірушілердің төмен балл алуын сала мамандары ҰБТ-ға енгізілген жаңалықтармен байланысты деп түсіндіреді.
«Алдыңғы жылы біз 9-орында болғанбыз. Биыл төмен болғанының себебі формат өзгерді. Сонымен бірге жаңа форматқа дайындау үшін бізге тест сұрақтары кеш келді. Бізге наурыз айынан бастап жаңа форматтағы тест сұрақтарымен 2 ай 3 ай көлемінде ғана дайындалдық», - дейді Ордабасы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мухитбек Сәрсенбеков.
Айта кетейік, Майхан Нақыпов білім бөлімінің басшысы болып соңғы 3 жылда қызмет еткен.