ОҚО: Төлеби ауданында 480 отбасы жаңа баспана алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында 480 отбасы қолжетімді тұрғын үйге ие болған. Сондай-ақ, Леңгір қаласында 40 және 20 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы аталған Төле би ауданының әкімі Бұхарбай Парманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің сөзінше, Төле би ауданында туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Аталған саладан өткен жылы 6,6 млн. теңге салық түсіп, келуші туристер саны 45 мыңға жуықтаған. Алдағы уақытта демалыс орындарының қызмет көрсету сапасы жоғарылай түсетін болады. Ал, жалпы кәсіпкерлік субъектілерінің саны - 7232, ал кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндер саны - 15483 адамға жеткен. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес саласында 33 млрд 279 млн теңгенің өнімі өндіріліп, 532 млн теңге көлемінде бюджетке салық түскен.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы құны 815 млн. теңгені құрайтын 9 жоба мақұлданып, жаңадан 103 жұмыс орны ашылған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 18 мамандық бойынша 504 азамат оқуға жолданып, оның 124-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 97 азамат жалпы сомасы 206,1 млн теңге көлемінде шағын несие алған. Нәтижесінде 120-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде тұрақты жұмысқа 1800-ден астам адам орналасты», - деді Бұхарбай Рысқұлұлы.

Бұдан бөлек, таулы ауданда «Өрлеу» жобасымен 586 отбасы қамтылып, барлығы 275501 мың теңге қаржы тағайындалған. Инфрақұрылым бойынша өңірдегі мәселер шешімін тауып келеді.

«Ауданды көгілдір отынмен қамту деңгейі қазіргі таңда 82 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай 100 пайызға жеткізу межеленген. Бүгінде елді мекендерді ауыз сумен қамту көрсеткіші 92,7 пайыз, ағымдағы жылы толығымен ауданды таза ауыз сумен қамту жоспарлануда. Өткен жылы 60,1 шақырымды құрайтын 31 автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді», - деді Бұхарбай Парманов.

null null 

Соңғы жаңалықтар