ОҚО: Сайрам ауданында «Тәуелсіздік түндігі - Астана» атты тарихи сағат өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық орталық балалар кітапханасының оқу залында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түндігі - Астана» атты тарихи сағат өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараға С.Сейфуллин атындағы №20 мектеп-гимназиясының оқушылары қатысты. Оқушылар еліміздің 25 жылда жеткен жетістіктері жайлы толғанып, ел ордасы - Астана қаласына арналған жырларды мәнерлеп оқыды. Кітапханашы Шамшат Байменова оқушыларды тәуелсіздіктің тарихымен таныстырып шолу жасады. Оқушылар қазақ халқының тәуелсіздік алу жолындағы күресінен көрініс қойып, өлеңдер оқып, «Қара жорға» биін биледі. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы да естелік әңгімелер айтылып, бейнебаян көрсетілді.

Аталмыш іс-шара барысында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік - еліміздің асыл арманы» тақырыбындағы кітап көрмесіне ақпараттық шолу жасалды. Іс-шара соңында кітапхана меңгерушісі Шарипа Жолдасбекова жас оқырмандарға халқымыздың тәуелсіздікке қалай қол жеткізгені, сондай-ақ оның маңыздылығы қандай екені туралы айтып берді. Сонымен қатар, жастардың бүгінгі тәуелсіздігімізді бағалай білуге шақыра отырып, әрқайсысының еліне адал қызмет ететін абыройлы азамат болып қалыптасуларына тілектестігін жеткізді.

Еске сала кетейік, биыл еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Бұл айтулы шара еліміздің барлық аймақтарында қатардағы мерекелер сияқты емес, айрықша айшықталмақ. Оңтүстік Қазақстан облысы да бұл ерекше мерекені елден ерек атап өтпек.

Соңғы жаңалықтар