ОҚО-ның үкіметтік емес ұйымдары латын әліпбиін қолдайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдары латын әліпбиін қолдайды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бүгінгі таңда еліміздегі ең өзекті тақырыптың бірі, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мемлекеттік тіліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесі болып отыр. Осыған байланысты жер-жерде осы тақырып жөнінде қызу талқылау болып жатыр. Бұл бастаманың тиімділігі туралы ұсыныстар да кең насихатталуда. Аталмыш тақырып аясында, биылғы жылдың 18 қыркүйегі күні ОҚО «Азаматтық альянсы» ассоциациясының ғимаратында «Оңтүстік Қазақстан облысының үкіметтік емес ұйымдары латын әліпбиіне көшуді қолдайды» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінде таныстырылған қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиінің жобасы талқыланды. «Оңтүстік Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Жамалбек Шәріпбек, «Оңтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құралай Бекенова тақырып төңірегінде сөз сөйлеп, баяндама жасады.

Үкіметтік емес ұйымдар атынан сөз сөйлеген Шәріпбек Жамалбекұлы, латын әліпбиі әлемдегі ең танымал жазулардың бірі екендігін және Елбасының латын әліпбиіне көшу бастамасын бір ауыздан қолдай отырып, насихатталуына үлес қосатынын жеткізді. Сонымен қатар, ОҚО үкіметтік емес ұйымдары аталған бастамаға қолдау білдіріп, Қазақстан халқына үндеу жариялады.

Соңғы жаңалықтар