ОҚО-ның тұрғыны полицейге күш көрсеткені үшін қамауға алынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар мен полицейлер арасында дау шығып, тіпті төбелес болған. Нәтижесінде тәртіп сақшысына күш көрсеткен азамат қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Келеңсіз жағдай Шымкент-Алматы тасжолының бойындағы Манкент ауылының маңында болған. Жол патрульдік полиция қызметкерлері «ВАЗ-21014» көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзғанын байқап қалып, тоқтатуға әрекеттенген. Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының айтқанына бағынбай, қаша жөнелген. Сөйтіп жол бойында «ВАЗ-2103» көлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан 4 адам жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. Жол көлік оқиғасы болған жерде адамдар жиналып қалады. Олар қарап отырмай полиция қызметкерлерімен сөзге келіп, соңы дауға ұласқан. Ішкі істер қызметкерлеріне қоқан-лоққы жасап, араларында бір адам қол жұмсапты. Полицейді жарақаттағаны үшін 39 жастағы тұрғын қамауға алынды.

Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 378-«Билік өкiлiн қорлау», 379-«Билік өкіліне бағынбау», 380-« Билік өкiлiне қатысты күш қолдану» баптарымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, жол көлік оқиғасын жасап, жол сақшыларынан қашпақ болған жүргізуші де Қылмыстық кодекстің 345 бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» әрекеті бойынша жауапқа тартылатын болды.

Соңғы жаңалықтар