ОҚО-ның шығыс қақпасында жаңа стела орнатылды

None
None
 ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ ауыл округінде облыстың тарихын танытатын стела ашылды.

Бұл қақпа Жамбыл облысымен шекаралас аумақта орналасып отыр, деп хабарлайды өңір басшысының баспасөз қызметі.

 Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аймақ тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, стеланың маңыздылығына тоқталды.

«Елбасымыздың саясаты нәтижесінде бүгінде еліміз бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Өңірлерде күн сайын өндірістер ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болып жатыр. Елдің әлеуеті жақсаруда. Біздің облыстың да салалары қарқынды өсу үстінде. Мәселен, бүгінгі стеланың ашылуы да тарихи оқиға. Дәл осы нысанда Оңтүстіктің тыныс-тіршілігінен xабардар ететін қажетті мәліметтер де жақсы беріліпті. Екі облыстың шекарасын алдағы уақытта тынығып, демалатын жайлы орынға айналдыруға да болады», - деді өңір басшысы.

Жергілікті жұрт атынан сөз алған ауданның құрметті азаматы, ардагер Өміртай Қалықұлов тұрғындар атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы мен Жамбыл облысының Жуалы ауданы арасындағы жаңа нысанның салынуы елеулі оқиға екендігін айтты. 

«Алатау мен Қаратау түйіскен бұл  өңір елімізге талай талант пен батырды сыйлаған қасиетті мекен.  Тұрар Рысқұловтай, Бауыржан Момышұлындай дара тұлғаларды дүниеге әкелген өлке. Алтынқұрсақты аналарымыз барда тағы да халыққа қайраткерлерін сыйлай бермек. Міне, бүгінгі нысанның ашылуы да айтулы шара», - деді Өміртай Қалықұлов.

Айта кетерлігі, стеланың құрылысына жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 70 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Мердігер мекеме «Жигита» ЖШС-і нысанды уақытында тапсырып отыр. Стела аймағындағы тақтайшаларда Оңтүстік Қазақстан облысындағы 15 аудан, қала жайлы ақпарат жазылған. Барлық аймақтың төлқұжаты бейнеленген. Сондай-ақ, жолаушыларға арнайы тынығатын орындықтар орналасыпты. Алдағы уақытта қақпа аумағында ас ішіп тамақтанатын, демалып тынығатын орындар бой көтеретін болады.     

Соңғы жаңалықтар