ОҚО-ның Отырар ауданында Тәуелсіздік күніне орай 20 жаңа нысан ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында Тәуелсіз еліміздің мерейлі мерекесіне орай 20 нысан ел игілігіне берілді, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі.

Нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Мереке қарсаңында Балтакөл ауылдық округінде жаңадан 4 нысан ашылды. Елді мекеннің кіреберісінде салынған бас қақпа ауылдағы ағайынның алғашқы қуанышына айналды. Мереке қарсаңында кәсіпкерлер алыстан көрінетін нысанды туған жерге тарту еткен. Құрылыс жұмыстарына 600 мың теңге қаржы жұмсалған.

Сондай-ақ, аталған ауылда тары-талқан өңдейтін 2 цех жұмысын бастады. Ауыл азаматы, кәсіпкер Серғазы Батырбеков халық сұранысына ие цехты ашу бұрыннан ойда жүргенін айтады. Кәсіпкерлік нысан қазірдің өзінде 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Отырар ауданында жаңадан ашылған 9 бірдей ветеринарлық пункттің біреуі осы Балтакөл ауылына тиесілі. Қалған мал дәрігерлік бекеттері Отырар, Шілік, Талапты, Аққұм, Қоғам, Қарғалы, Маяқұм ауылдық округтерінде орналасқан. Ветеринарлық клиника мүйізді ірі қараларды қолдан ұрықтандыру, мал басын асылдандыру, диагностикалау және үй жануарларының аса жұқпалы ауруларының алдын-алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарымен айналысады. Әр жобаның құны 8 млн. теңге.

Сонымен қатар ауданда 3 фельдшерлік-акушерлік тірек ашылды. Медициналық мекеменің әрқайсысына мемлекеттік бюджеттен 65 млн 556 мың теңге қаржы қаралған. Одан бөлек бірқатар сауда орталықтары мен 1 көпір ел игілігіне берілді.

Соңғы жаңалықтар