ОҚО: Наурыздағы қойылымға 300 жылқы мен 500 көгершін қатыстырылады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында Қазығұрт тауында атап өтілетін Наурыз мерекесіне үлкен дайындықтар жүргізілуде. Мәдениет басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Сабырдың айтуынша, театрландырылған қойылымдарға 300 жылқы, 500 көгершін мен түйелер қатыстырылатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Баспасөз хатшының сөзінше, Атбұлақ ауылында ұйымдастырылатын  «Ұлыстың ұлы күні - әз Наурыз» мерекесіне орай 40-тан астам киіз үй тігіледі. Қазір мұнда мейрамға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Қазір аталған этноауыл және оған кіреберіс жеріне арнайы қақпа орнатылып, алтыбақандар мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілетін арнайы шағын сахналар қойылуда. Арнайы алаңшаларда ұлттық ойындар өткізіліп, қолөнер шеберлері мен ұлттық тағамдардың көрмесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ал салтанатты іс-шара өтетін үлкен сахна Нұқ пайғамбардың кемесі іспеттес жасалуда», - дейді Мадина Сабыр.

null 

Мерекелік шара «Тіршіліктің бастауы - Қазығұрт» қойылымымен басталып,  «Күннің жаңаруы», «Қыдыр атаның 12 аймен кездесуі», «Табиғаттың оянуы», «Наурыз тойы» сияқты сахналық қойылымдармен жалғасады. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру - ұлтты ұлықтаудың ұлы жолы» және «Тәуелсіздік түндігі - Астана» атты сазды-хореографиялық композициялары жұрт назарына ұсынылатын болады. Оларға барлығы 1500 өнерпаз жұмылдырылып, 300 жылқы, 500 көгершін мен түйе жегілген күймелер қатыстырылады.

«Наурыз Қазығұрттан басталады» іс-шарасына облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты мәдениет және өнер мекемелерінің әртістері және «Шамсинур», «Фараб», «Тұмар», «Жұлдыздар», «Таңшолпан», «Қаракөз», «Шаттық» би ұжымдары қатысады. Олар мерекелік, патриоттық рухтағы әсем әндер мен күйлерді, өңірімізден шыққан сазгерлер мен күйшілердің төл туындыларын орындайды»,- дейді Мадина Сабыр.

null 

Мәдениет басқармасы  21 наурыз күні сағат 11.00-де басталатын ауқымды мерекелік шараға барша облыс тұрғындары мен қала қонақтарын шақырады.

null null 

Соңғы жаңалықтар