ОҚО кәсіпкерлері өзбекстандық әріптестерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысына екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Уәкілетті Елшісі Ерік Өтембаев бастаған арнайы делегация келген болатын. Шекаралас жатқан елдің қонақтарының құрамында 20-ға жуық түрлі саладағы кәсіпкерлер бар. Олар өңірге жасаған жұмыс сапары барысында «Оңтүстік» индустриялды аймағы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысып, ондағы бірқатар кәсіпорындарды аралап көрді.

Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Сонымен қатар, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін өңірлік кәсіпкерлер мен делегация өкілдері арасында В2В форматында кездесу өткізіліп, бірлескен кәсіпорындар ашу, өзара байланысты нығайту турасында келіссөздер жүргізілді.

Осы күні Ерік Өтембаев облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қабылдауында болды. Кездесу барысында елші ынтымақтастықты нығайту мақсатында екі жақтың кәсіпорындары арасында ауыл шаруашылық, пластмассалық бұйымдар жасау және тері өңдеу мен киім тігу сынды бірқатар жобаларды бірлесе жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Өз кезінде аймақ басшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың зор екенін айтып,  өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін атап өтті. Сондай-ақ, Өзбекстан тарапынан ұсынылған жобаларды қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

Өзбек делегациясы облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін жоғары бағалап, қызығушылық танытты.

 

 

Соңғы жаңалықтар