ОҚО-дағы тұрақтандыру қоры азық-түліктің бағасын бірқалыпты ұстап тұр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік маңызды азық-түліктің бағасын тұрақтандыру іс-шаралары өз нәтижесін беруде. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік, индустриалдық-инновациялық даму және туризм басқармасының мамандары мәлімдеді,деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Мамандардың сөзінше, бүгінгі таңда облыста бағаның күрт құбылуы тіркелмеген. Әрі азық-түліктің бағасы тұрақталып, жетіспеушілігі байқалмайды.
Мәселен, шілде айындағы азық-түлік инфляция деңгейі облыста 99,8%-ды құраған. Оның ішінде азық-түлік тауарларының тұтынушылық бағасының индексі - 98,3%, азық-түлік емес тауарлар - 100,5% болып отыр. Ал, статистика мәліметтері маусым айында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасының индексі 97,7% деп көрсеткен. Биылғы шілде айында әлеуметтік маңызды азық-түлік нарығындағы 2 өнімнің бағасы жоғарылаған. Олардың қатарында пияз 140 теңгеден 146 теңгеге, ал сәбіз 145 теңгеден 151 теңгеге қымбаттаған. Бұл өнімдер бағасының өсуінің негізгі себебі маусымдық құбылыс болып саналады. Бұған қоса 2 өнімнің бағасы төмендеді. Яғни, қырыққабат 123 теңгеден 88 теңгеге, ал картоп 131 теңгеден 96 теңгеге дейін арзандаған.
Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, Шымкенттегі «Фиркан», «Magnum», «Рахмет» секілді ірі сауда орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп, қазіргі таңда тұрақтандыру қорының қанты «Фиркан» сауда желісінде сатылуда.
Еске сала кетейік, тұрақтандыру қорының азық-түлігі Шымкент қаласының әр аймағындағы ондаған әлеуметтік дүкендерде сатылып келеді.

Соңғы жаңалықтар