ОҚО-дағы тау бөктерінде құжатсыз қарумен жүрген тұрғын ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданындағы «Кіші қара құс» тау бөктерінде құжатсыз қарумен жүрген тұрғын ұсталды. Тәртіп сақшылары 19 жастағы жігіттің екі ұңғылы шолақ мылтығы мен екі дана оғын тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Заң бұзған азамат «Табиғат» жедел алдын алу шарасы барысында қолға түсті. Облыстық Жергілікті полиция қызметі мен табиғатты қорғау инспекторлары бірлесіп өткізген рейдтің мақсаты - экологиялық қылмыстардың алдын алу және анықтау, браконьерлік әрекеттердің жолын кесу, су биоресурстарын қорғау болды. Шара кезінде өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн түрлерін және жер қойнауын өз бетінше заңсыз пайдалануға қатысты 3 экологиялық қылмыс анықталып, 25 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді. 190 мың теңгеден аса айыппұл салынған.

Мәселен, таулы жерде қару қолданған жігітке қатысты Қылмыстық кодекстің 288-бабы 1-бөлігімен «Қаруды заңсыз жасау» әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Одан өзге Сарыағаш ауданындағы Келес өзені арнасында заңсыз жер қойнауын пайдаланып жатқан азамат анықталды. 34 жастағы жергілікті тұрғын экскаватормен заңсыз құм-тас қазып саудалап, өз пайдасына жаратып жүрген. Аталған жайт бойынша да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәркіленген техника автотұраққа қойылды.

Полицейлердің мәліметінше «Табиғат» жедел алдын алу іс-шарасы облыс аумағында ағымдағы жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасатын болады.

Соңғы жаңалықтар