ОҚО-дағы оқиға: Аружан Саин баланың ісіне Бас прокурордың араласуын сұрады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Зорлық көрді деген оңтүстікқазақстандық  7 жасар баланың тағдырына алаңдаған қоғам белсенділері Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғам белсендісі Аружан Саин ҚР Бас прокурорынан оқушыға қатысты істі өз бақылауына алуды сұрады.

«Мемлекеттік органдар аталған істі барынша объективті зерттесе жақсы болар еді. Олар өз жұмыстарын адал атқарса деген тілек бар. Біздің пікіріміз, ОҚО ІІД бұл істі тындыра алмайды. Сондықтан, істі Ішкі істер министрлігіне жіберу туралы ұсыныс айттық. Сондай-ақ баланың құқығы қорғалуы үшін Бас прокурор оны өз қадағалауына алса дейміз», - деді Саин.

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған.

Сарыағаш аудандық білім бөлімі сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша зорлық фактісі расталмағанын атап өтті. Алайда, қоғам белсенділері жүргізілген сараптаманың объективтілігіне сенбейді.

Қазір бала Астанада. Онда кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізіліп, содан кейін ғана шаралар қолданылатын болады.

Айта кету керек, даулы жағдайдан соң ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, жұмыстарынан шеттетті. Абай мен Сарыағаш елді мекендерінде полиция қызметкерлері орнынан кетті. Сарыағаш ауданы әкімі мен облыстық білім басқармасының басшылары қатаң сөгіс алды. Облыстық кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша полиция басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. №73 және №74 мектеп директорлары қызметтерінен уақытша шеттетілді.

Бірінші сынып оқушысын ұрып-соғу және зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Фото: s3.amazonaws.com

Соңғы жаңалықтар