ОҚО-да жеңіл өнеркәсіптің дамуына үнді кәсіпкерлері де үлесін қосып келеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жеңіл өнеркәсіптің дамуына үнді кәсіпкерлері де үлес қосып келеді. Бұл туралы аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев тоқыма өнеркәсібін дамыту бойынша құрылған қазақ-үнді жұмысшы тобының өкілдерімен кездесу барысында атап өтті. Басқосуда жұмысшы топтың Шымкентте өтетін 4-ші отырысының жоспарлары талқыланып, екі жақты экономикалық байланыстардың жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Облыс әкімі Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата мырзаға өңірдің экономикалық даму барысы мен  инвестициялық тартымдылығын баяндады.

«Қазақстандағы тоқыма өнеркәсібі дамуының маңызды әлеуеті Оңтүстік Қазақстан облысында. Біздің өңірде мақта шаруашылығы жақсы дамыған. Облысымызда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда тігін цехтары мен фабрикаларымыз жұмыс істеп жатыр. Ендігі мәселе - жеңіл өнеркәсіпті дамытуда Үндістан мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнатып, ортақ жобаларды  бірлесіп іске асыру. Бұл ретте өңірде шетелдік инвесторларға барлық қолдаулар жасаланады. Өнеркәсіпке қажетті жер телімі беріліп, барлық инфарқұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз ететін боламыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Үндістан тарапы да бірлескен жоба аясында жұмыс істеуге жоғары қызығушылық танытты. Жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген өңір кәсіпкерлерін 30 маусым күні Үндістанда өткелі отырған ірі  жермеңкеге қатысуға шақырды. Себебі,  жыл сайын 400 - 450 мың тонна шитті мақта жиналатын өңірде табиғи шикізаттан жасалған өнімге сұраныс та мол.

«Үндістанда жеңіл өнеркәсіптің жылдық сауда айналымы 140 млрд АҚШ долларын құрайды. Онда  тоқыма, мақта, мата өнімдерін өндіретін бір мыңға жуық компанияның фабрикалары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бұл сапарымыз жемісті және нәтижелі болады деп сенемін», - деді Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата.  

Айта кетейік, қазақ-үнді жұмысшы тобы 2008 жылы құрылған болатын. Алдағы жылы он жылдығын атап өткелі отырған топтың оңтүстіктегі сапары 2 күнге жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар