ОҚО-да жемқорлыққа қарсы велошеру ұйымдастырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жемқорлыққа қарсы велошеру ұйымдастырылды. Шардара ауданында өткен шараға ішкі саясат бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Күнгейде соңғы екі айдан бері өткізіліп келе жатқан «Есіктен есікке» бағдарламасы аясында өткен маңызды шара осылайша шалғай ауданда жалғасын тапты. «Парасыз болашаққа. Бірге!» эстафетасына қатысқан велосипедшілер аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ғимаратынан бастап, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Орталық базар маңында аз-кем аялдап, тұрғындарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы үндеген парақшалар таратты. Әрбір велосипедке мінген жас азамат сыбайластық орын алған жағдайда хабарласатын «1424» номерін кеуделеріне тағып алып, насихаттау шараларын жүргізді.



«Іс-шараның басты мақсаты - халық арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды түсіндіру, оның кез-келген түріне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру арқылы жемқорлыққа бүкіл қоғамды тарту болып табылады. Жыл соңына дейін жалғасатын акцияда қала мен барлық елді мекендерде сыбайластықтың алдын алу мен оны болдырмау жолдары тұрғындарға егжей-тегжейлі түсіндіріліп, жемқорлыққа қарсы насихат жүргізіледі. Осынау іс-шаралар Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге септігін тигізетіні сөзсіз», - деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев.

Велошеруге қатысушылар легі орталық стадионда шеруді аяқтап, оларды мемлекеттік қызметкерлер салтанатты жағдайда қарсы алды. Акция соңы орталық стадиондағы спорттық жарыстарға ұласты.

Соңғы жаңалықтар